19.07.2017, 9:24
Оқылды: 40

Алтай Көлгінов: «Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын тамыз айында көшіре бастаймыз»

 20205588_10209651468415919_1687478523_oОблыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен  Бөрлі ауданында болып,  осы өңірде жүріп жатқан  жатқан құрылыс жұмыстарының жай-жапсарымен танысты.


Облыс басшысы ең алдымен Аралтал ауылындағы Березов және Бестау ауылының  тұрғындарына арнап  салынып жатқан  жер үйлерге ат басын бұрды. Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Өтегеновтың айтуынша, инженерлік желілер жүргізіліп, бар жағдай жасалған 100 үйдің құрылысы аяқталған. Бұл үйлердің 50-і үш бөлмелі, 50-і төрт бөлмелі. Қазіргі күнде үйлердің құжаттары жасалуда. Тамыз айының ортасында тұрғындар жаңа қонысқа көшіріледі.  200-ден астам жұмысшы жұмылдырылған құрылыс жұмыстарына негізінен отандық өнімдер пайдаланылған. Ауылда салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталмақ. Қазіргі күнде  барлығы 8 шақырымды құрайтын жол, жаяу жүргінші жолдары мен көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде.

- Бұл үйлердің құрылысы қыркүйек айында толығымен аяқталуы керек.  Березов және Бестау ауылдарының тұрғындары жылыту маусымы басталғанша жаңа қонысқа қоныстанып үлгеруі тиіс. Халық осы күнді асыға күтіп отыр. Сондықтан қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, ең бастысы сапаға мән бергеніміз дұрыс, -деді Алтай Сейдірұлы.

-Жұмыс қарқыны жақсы жүруде. Аралталдағы 100 үй дайын. Қазіргі күнде құжаттары рәсімделуде. Тамыз айында Березов және Бестау ауылдарының тұрғындарын бірінші  кезең бойынша  көшіре бастаймыз. Екінші кезеңде екі тоғызқабатты үйге көшіреміз. Көшетін азаматтар жұмыс тобын құрып, өздері құрылыс жұмыстарының басы-қасында жүр. Үйлерге жапсырылған обойдың түсін де тұрғындардың өздері таңдады. Үлкен ауылды көшіру оңай емес. Бар  жағдай жасалды. Өзім тұрғындармен үш-төрт рет кездестім. Бүлдіршіндерге арналған балабақша дайын. Ендігі кезекте мектептің құрылыс жұмыстары аяқталса, жоспарлы жұмыс толыққанды орындалды деп айта аламыз, -деді Бөрлі ауданындағы жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале