16.11.2018, 10:18
Оқылды: 57

Алтай Көлгінов: «Енді жастарды толғандыратын нақты мәселелерді шешумен айналысуымыз қажет»

Келесі жылы шекаралас өңірлердегі жастар Оралда бас қоспақшы. Жастар жылына орай ұйымдастырылатын форумға республикамыздағы жақын маңдағы облыстардың ғана емес, көршілес елдердің де жастары қатысады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы өңір басшысы Алтай Көлгінов БҚО әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.

akim jastar (3)

        

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жергілікті атқарушы билік құрылымдарының басшылары, аудан әкімдері, ЖОО ректорлары, жастар ұйымдарының өкілдері, студенттер қатысқан жиында «БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасының» жүзеге асу барысы, облыстағы жастардың барлық санатын қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.

-Күні кеше Елбасы жастарды кешенді түрде қолдау мақсатында келесі жылды Жастар жылы деп жариялау туралы қаулыға қол қойды. Кезекті Жолдауында жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағыттарын да белгіледі. 2019 жыл Жастар жылы деп жариялануы жастар саясатына үлкен серпін береріне сенім мол. Біз қазіргі таңда облысымыздағы жастарға қатысты мәселенің барлығын зерттеп, зерделеп, бірқатарын іске асырудамыз. Сол себепті Жолдау бұл ісімізге үлкен қолдау болары сөзсіз. Ендігі кезекте еліміздің, соның ішінде өңіріміздің жас азаматтарын толғандыратын нақты мәселелерді шешумен айналысуымыз қажет,-деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Кеңесте негізгі баяндама жасаған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошевтың сөзіне қарағанда, Ақ Жайық өңірінде 136 мыңнан астам жас бар. Олардың 3,1%-ы еш жерде жұмыс істемейді, оқымайды, яғни NEET санатына жатады. Айта кету керек, бұл көрсеткіш соңғы үш жылда екі есеге дейін төмендеп, қазір республика бойынша ең жақсы көрсеткіштердің бірі болып табылады. Өңір жастарының дамуына және өзін-өзі дамытуға жағдай жасау мақсатында «БҚО жастарын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жол картасы» қабылданып, жүзеге асырылуда. Жол картасы 4 негізгі бағыттан тұрады: жастарды жұмыспен, сапалы әрі қолжетімді біліммен қамту, жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру, жеке және кәсіби тұрғыдан өсуге жағдай жасау.

-Биыл облысымыздағы жастардың әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында зерттеу жүргізілген еді. Оған өңірдегі барлық ауданнан 14-29 жас аралығындағы 800 жас қатысты. Орал қаласындағы, Бөкей ордасы, Жаңақала, Зеленов аудандарындағы респонденттер 35 пайыздан астамы жергілікті атқарушы билік тарапынан жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесіне қатысты айтарлықтай көңіл бөлінбей отырғанын жеткізген. Ал мемлекет тарапынан жастарды қолдау мен дамыту қай салаға жете мән беру керек деген сұраққа қолжетімді әрі сапалы білім (63,2%), жұмыспен қамтуға жағдай жасау (46,8%), салауатты өмір салтын қалыптастыру мен медициналық қызметті (35,9%) жақсартуды сұраған,-деді Аян Қажимерұлы.

-Қазталов ауданында жастарды жұмыспен қамту, бос уақытын пайдалы өткізу мәселелері шешімін табуда. Мәселен жыл басынан бері бес мәрте ұйымдастырылған жастарға арналған жұмыс жәрменкесіне 300 жігіт пен қыз қатысып, олардың 250-і жұмысқа тұрды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында соңғы екі жыл ішінде 91 млн. теңге несие алып, өз істерін бастады және 20 жұмыс орнын ашты. «Ауылға жас мамандарды тартуда «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тигізіп жатқан пайдасы көп,-дейді Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков.

-Тек соңғы екі жылдың ішінде ауданға 150 жас маман келді. Оның 90-ы педагог болса, 47-сі медицина қызметкері. Бүгінде ауданның барлық 16 ауылдық округінде спорт алаңдары салынды. Спорт мектептерінің және орта мектептердің спорт залдары кешкі уақытта ауыл жастарына қолжетімді. Жаз мезгілдерінде орталық саябақтарда жастардың қатысуымен әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады».

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың айтуынша, биыл тоғыз айда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде өңіріміздегі 8,5 мыңдай жас жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның 6,3 мыңға жуығы екі қолға бір күрек тапты. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқуға 507 жас жолданып, 100 адам несие алса, 10-ы мемлекеттік грант алды.

-Жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде тарих пен мәдениеттің алар орны зор. Соған байланысты өлкетану бағытындағы экскурсиялар, көрмелер, конференциялар, ғылыми-зерттеу экспедициялары жиі өткізілуде. Бұл шараларға негізінен студенттер қатысуда. Жас суретшілерді, қолөнершілерді, фотографтарды, коллекционерлерді және өзге де дарын иелерін қолдау мақсатында мәдениет нысандарында көрмелер, мәдени шаралар ұйымдастырылып жүр. Отанға деген сүйіспеншілік пен еліміздің өркендеуіне қызмет ету қасиеттерін қалыптастырудың төте жолы – театр деп ойлаймыз. Мәдениеттің ордасы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ театры мен А.Островский атындағы театрдың репертуарларында жастар үшін тартымды, тәрбиелік маңызы бар қойылым көп. Көрермендердің де едеуір бөлігін жастар құрайтыны да көңілге қуаныш ұялатады,-дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Жиын соңында жас кәсіпкерлер, спортшылар, қоғамдық ұйым өкілдері, студенттер, өндірістегі жас мамандар қоғамдағы жағдайға байланысты мәселелерді айтып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

akim jastar (5) akim jastar (2) akim jastar (1)

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале