25.05.2019, 12:07
Оқылды: 32

Алтай Көлгінов Назарбаев мектебіндегі соңғы қоңырау шарасына қатысты

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиын өтті.

IMG-20190525-WA0038

Оған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім департаменті директоры Шолпан Қадырова, мектептің Қамқоршылық кеңесі өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы мектеп ұжымын оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

IMG-20190525-WA0042-800x533

-Білім – қоғам игілігі. Оның нәтижесі мемлекет үшін маңызды. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының салтанатты ашылуында «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деп атап өтті. Еліміздің болашағы сіздер, жастардың энергия, патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Мемлекеттің бүгінгі күні жасап жатқан жұмыстарының барлығы – сіздер үшін. Мәселен, біздің өңірдің өзінде бес жыл бұрын білім саласына 5 млрд.теңге бөлінсе, биыл бұл сан 20 млрд.қа артты.
Ұстаз еңбегі еленген қоғам табысты болатыны анық. Бүгінде өңірде 12 мыңнан астам педагог қызмет атқарады. Елбасы тапсырмасымен ұстаздардың жалақысы 30 пайызға көтерілді. Маусым айынан бастап тағы да осындай көлемде көбейеді.
Жуырда өңірімізге іссапармен келген Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы үш ауысымды оқытуды жою, жаңа мектептер салу, біртіндеп үш тілде оқытуға көшу жұмыстарын жалғастырудың маңызын атап өтті, -деген облыс әкімі түлектерге сәттілік тіледі.

Одан әрі мектеп директоры Тимур Нұркешов сөз алып, мектеп жетістіктеріне тоқталды. Оның сөзінше, биыл 7 зияткер халықаралық, 53 республикалық олимпиада, ғылыми жобалар байқауы мен түрлі сайыстарда жеңімпаз атанды.

IMG-20190525-WA0044

«INFOMATRIX-ASIA» халықаралық конкурсында мектеп оқушылары Ержан Жамашев, Данияр Жарқынұлы, Эламир Кадыргалеев бірінші орын алды. Жарыс нәтижесінде Ержан мен Даниярға Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты тағайындалды. Мектебіміздің 10-сынып оқушысы, жас эколог Альнур Кариннің зерттеуі  Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар байқауында III орынға лайық деп танылды. Ал 9-шы Наурыз кездесулерінде ғарыш тақырыбындағы зерттеуімен 10-сынып оқушысы Ақылбек Мақсотов I орын, 9-сынып оқушысы Эламир Кадыргалеев жүлделі III орыннан көрінді. Республикалық пән олимпиадасында 11-сынып оқушысы Меруерт Рахимова орыс тілі және әдебиетінен екінші, 10-сынып оқушысы Сабина Мавлетова үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар «19-шы Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясынан  төрт оқушымыз жүлделі оралды.

IMG-20190525-WA0037-800x533

Нұр-Сұлтан қаласында 700 оқушы қатысқан Scholars Cup олимпиадасында мектебімздің 8-сынып оқушылары 19 алтын, 28 күміс медаль иеленді. Күні кеше 11-сынып оқушысы Мәди Лұқманов экономикадан республикалық олимпиадада 1-орынды иеленді. Мәди жаз айында Санкт-Петербургте өтетін халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды.

IMG-20190525-WA0040-800x533

– Қазіргі таңда түлектер халықаралық емтихандарын сәтті тапсырып, нәтижелерін күтуде. Бірқатар түлек қазірдің өзінде шетелдік университеттердің білім грантын ұтып алды. Мәселен, Алина Молдағалиева АҚШ пен Гонконгтың 11 ЖОО-ға шақырту алды, – деді Т. Нұркешов.

Тәрбие бағытында тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттауға арналған кеш, «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасы аясында «Nis Awards» кинофестивалі өтті. Назарбаев Зияткерлік мектебінде дәстүрлі «Қоғамға қызмет ету» жобасы жыл бойы жүзеге асты. Биылғы оқу жылында жоба аясында 40-тан астам ерікті көмек және қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Мектеп жатақханасындағы оқушылар көздері нашар көретін балаларға арнап «Тактилді әліппенің» үшінші кітабын және аудиокітаптың кезекті серияларын жасақтады.

2018-2019 оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен оқушылар: Ержан Жамашев Стенфорд университеті (АҚШ), Дильназ Куанова Колумбия университетінің (Нью-Йорк, АҚШ) жазғы лагерінде білім алуға мүмкіндік алып отыр.

2018-2019 оқу жылында орта білім берудің жаңартылған мазмұндағы бағдарламасы және НЗМ тәжірибесін тарату мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде облыстың төрт ауданына барып, ауылдағы ұстаздарға практикалық тұрғыда әдістемелік көмек көрсетілді. Облыстық мектептердің директорлары тағылымдамадан өтті. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында 3-ші аймақтық ғылыми-практикалық конференциясын өткізілді. Сонымен қатар мектеп базасында түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, қала мектептеріне көшпелі семинарлар ұйымдастырылды.

– Ерекше толқып тұрмын. 12 жыл бойғы әсерлі сәттерді есіме алсам, бақытты шәкірт екенімді ұғынамын. Мен – мектептің жемісімін. Менің бойыма заманауи біліммен қатар адами қасиеттерді сіңірген мектебіме алғыс, – дейді шетелдік 11 ЖОО шақырту алған мектеп түлегі Алина Молдағалиева.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов  осы оқу жылында мектептің «Үздік оқушысы» атанған қызмет көрсету сапасын анықтаудың автоматтандырылған жүйесі Mojidet жобасының негізін қалаушыларының бірі, INFOMATRIX - ASIA халықаралық байқауының жеңімпазы, 10-сынып оқушысы Жарқынұлы Даниярға арнайы сертификат табыс етті.

Сонымен қатар «Жылдың үздік шаңырағы», «NIS дәстүрлері», «Үздік идея иесі», «Қайырымды жүрек» марапатталды. Айта кетейік, үздік шаңырақ оқушылары Назарбаев зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясының жолдамасымен Қарағанды қаласына барады.

Салтанатты жиында «Жастар жылы – жаңа леп, жаңа толқын...» композициялық қойылымы арқылы әр шаңырақтың жеткен жетістігі көрсетілді.

Жиын түлектердің «Соңғы қоңырау» соғу рәсімімен аяқталды.

Айдана Хамидуллина,

Орал қаласындағы НЗМ-ның баспасөз хатшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале