19.01.2018, 15:52
Оқылды: 59

Алтай Көлгінов: «Орал қаласын «Smart city» принциптеріне сәйкестендіруге толық мүмкіндігіміз бар»

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру және іске асыру жөнінде облыс активі жиыны өтті.

- 2018 жылғы Жолдау елде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерінің логикалық жалғасы. Ол «Қазақстан-2050» даму стратегиясымен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен ұштасады.

10 басым бағыттан тұратын жолдауда мемлекетіміздің алдында жаңа технологияны енгізу арқылы қазақстандық индустрияны, ақпараттық-технологияны, ауылшаруашылық саласын, көлік логистикасын, тұрғын-үй, құрылыс саласын, қаржы секторы мен банк жүйесін, адам капиталын дамыту, цифрлы технологияны енгізу арқылы тиімді мемлекеттік басқару, сыбайлас жемқорлықпен күресу, «Смарт сити» тұжырымдамасымен дамушы қалалардың проблемалық мәселелерін шешу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру сияқты ел дамуына ерекше серпін беретін маңызды міндеттер айтылды.

Стратегиялық құжаттың бірінші бағытында Елбасы «цифрлық дәуірге» лайықты өнеркәсіпті қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керегін атап көрсетті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде жалпы ішкі өнім көлемі 4 пайызға, ал өнеркәсіптік өнімнің көлемінде 7 пайызға жуық өсім бар. Сондықтан, өнеркәсіптік компаниялар бүгіннен бастап өндіріске тың технологияларды енгізулері тиіс. Елбасы қойған тапсырманы орындауға облысымыздағы компаниялардың мүмкіндігі жетеді. Өндіріс ошақтарының дені қазірдің өзінде материалдық-техникалық тұрғыда модернизациялап, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

Екіншіден, ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Мемлекет басшысы «шикізат индустриясын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек»,– деді.

Бұл тармақта Президент табиғи байлықты тиімді пайдалануды жеткізіп, сол мақсатта ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізуге бағыттады. Баламалы энергия көзін дамытып, 2030 жылға қарай оның үлесін 30 процентке жеткізу керектігін баса айтты. Біздің өңірімізде қолға алынған финдік технологияларды одан әрі дамытып, құрылыс саласына кең көлемде енгізуді қамтамасыз етеміз. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің алаңында болған келіссөздердің нәтижесінде қол жеткізілген жаңа технологиялар жасыл экономикаға мүмкіндік ашады. Орал қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, облыс орталығын жарықтандыруда қолданылған энергия үнемдеуші шамдарды алдағы уақытта да кеңінен пайдаланатын боламыз. Мысал үшін айтар болсақ, Евразия даңғылының бойына қойылған шамдар бізге энергия көздерін 42 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.

Үшіншіден, «ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

Ауылшаруашылығының алға қадам басуы үшін аграрлық университеттерде оқу бағдарламасы жаңартылады. Ғылыммен айналысатын мамандар дайындалады. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдер енгізіледі. Бұл тұрғыда бізде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің әлеуеті зор. Елбасының тапсырмасы бойынша 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі және өңделген ауыл шаруашылығы өнімнің экспорты, кем дегенде 2,5 есеге артуы қажет. Былтыр біз ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттау бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырдық. Иран еліне тасымалданған марқа еттерін айтуға болады. Биыл да осы қарқынды төмендетпей, жаңа технологияларды енгізе отырып жұмыстарды атқарамыз.

Индустрияландыру күні Елбасының алдында ашылған жылына 7 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың, «Кублей» және «Желаев» макарон өндіру кәсіпорындарының европалық мемлекеттерден алынған құрылғылар арқылы техникалық тұрғыда модернизацияланғанын атап өтуге болады. Осы саладағы өзге кәсіпорындар да осылай жаңғыруды қолға алуы тиіс,-деді баяндамасында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Алтай Сейдірұлы Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау қажеттігін айтты. «Біздің Орал қаласын да смарт-сити принциптеріне сәйкестендіруге толық мүмкіндіктеріміз бар. Алғашқы қадамдары ретінде қалада орнатылып жатқан бейне бақылауларды, қала емханаларының электронды таблолармен жабдықтандырылуын, ауруханалардың қағазбастылықтан арылуға бағытталған жаңа жобаларын айтуға болады» деді облыс басшысы.

Облыс активі алдында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, «Орал трансформатор зауыты» директоры Ақжол Сауранбаев, Наазарбаев зияткерлік мектебі директорының халықаралық орынбасары Рокко Уоррен баяндама жасады.

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале