12.10.2017, 13:36
Оқылды: 608

Алты айда алты кітап жазған жас жазушының кеші өтті

 

Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада жас ғалым, жазушы, тарихшы, Әлем Жазушылар Одағының ең жас мүшесі Рысбек Рамазанұлының «6 айда 6 кітап» атты кеші өтті. Бұған БҚАТУ доценті, ҚР Журналистер Одағының мүшесі  Болатқали Төлебаев және студент жастар қатысты.

Аталмыш шарада жиналған жұртшылық дарынды жастың алты бірдей кітабымен танысты. Олар «Весидж. Ғайып болған қала», «Патшалар һәм падишахтар құпиясы», «Түнде оқылатын кітап», «Астрономия», «Ұлттық ғылым» және «Ұлттық білім. Біз әлемде бірінші бола аламыз ба?»  деп аталады. Аталған кітаптар түрлі саланы қамтиды.  Бұл кітаптардың оқи отырып, оқырман аспан әлемінің құпиясынан бастап, патшалар тайталасы, сонымен қатар ұлттық білім-ғылымды жаңаша дамыту жолдары жөнінде кеңінен мағлұмат алады.

-Бұл кітаптарды мен небәрі жарты жыл ішінде жазып шықтым. Жазу қызығына түскенім сондай, тәулікте 24 сағат болса, мен соның 21 сағатын жұмысқа арнадым. Негізі, мен жазушы боламын деп ешуақытта ойлаған жоқпын. Бәрі кездейсоқ басталды. «Хит» кітаптар жазғым келді. Бәрі менің кітабымды оқып жүрсе деп армандадым. Бұған кітапты көп оқығаным себепші болды деп ойлаймын.

Мен БҚАТУ түлегімін, осы оқу орнының экономика факультетін бітірдім. Осы университетте оқып жүргенде түрлі интеллектуалдық сайыстарға қатысып, көзге түстім. Содан болар, менің тарихты зерттеу бағытындағы талабымды БҚАТУ университетінің басшылығы қолдады. Университетте оқып жүргенімде ректор маған еліміздің барлық қалаларында болып, талай архивті ақтаруыма мүмкіндік берді. Сол үшін өзім оқыған университет басшылығына, Болатқали Төлебайұлы секілді ұстаздарыма шын жүректен алғысымды айтамын, -деді дарынды жас өз сөзінде.

Кеш барысында  ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ақын Болатқали Төлебаев Рысбек Рамазанұлының су жаңа туындыларының тұсауын кесіп, дарынды шәкіртіне шығармашылық табыс тіледі.  Бұдан соң жас жазушының ұстаздары мен құрбы-құрдастары сөйлеп, Рысбектің студенттік өмірінен әдемі естеліктер айтты.

Шара соңында Рысбек Рамазанұлы жаңа шығармаларын өз қолтаңбасымен ұстаздары мен достарына және кітапхана ұжымына ескерткіш ретінде ұсынды.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале