15.07.2019, 17:15
Оқылды: 291

Алты жоба мақұлданды

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйытқы болуымен «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкерлікті жаңадан бастаған жас кәсіпкерлерге және кәсіпкерлікпен бұрыннан айналысатын іскерлерге арналған ашық есік күнін өткізді.

damu (1)

Биыл елімізде жаңа «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы іске қосылды. Ондағы көздегеніміз - «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыра отырып, елімізге сырттан келетін тауарды азайтып, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық заттарды өз аумағымызда, яғни елімізде өндіруге қол жеткізу. Жаңа өндіріс орындарын құру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, ел-жұрттың тұрмысын жақсарту көзделіп отыр. Соған орай аталмыш шара барысында келушілерге осы жоба шеңберінде басымдық берілетін жобаларды несиелеу тетіктері және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау-көмек жайы түсіндірілді.

Облыс кәсіпкерлері орта, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне арналған «Қарапайым заттар экономикасы жобасы ұсынатын мүмкіндіктерді белсене пайдалануда. Бағдарлама бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесін 15%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. Яғни оның 10%-ын мемлекет, қалған 6%-ын кәсіпкердің өзі өтейді. Несие 7 жылға беріледі. Сонымен қатар мемлекет банктерге несие сомасының 50%-ына дейін кепілдік береді. Айналым қаражатын толықтыруға несие шамасының 50%-ына дейін несие беріледі. Осы бағдарлама бойынша несие негізінен өңдеу саласының, соның ішінде тамақ, құрылыс индустриясы, агроөнеркәсіп кешені өндірісі, сервистік қызмет көрсету бағытындағы жобаларға «бұйырады».

- «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша облыста 86,8 млрд. теңгенің 77 жобасы қаралуда. Жалпы құны 221 млн. теңге болатын алты жоба екінші деңгейдегі банктермен мақұлданған.  Олар, мысалға, «Полиграфсервис» ЖШС-ның картон стакан өндірісі, «Исаев» шаруа қожалығының ашытқы өндірісі үшін жабдық сатып алу және өндірілген өнімдерді сақтау және қоймалау жұмысы, «Ружейников» жеке кәсіпкерлігінің асүй жиһазы өндірісі, «Молдағалиева Г. С.» ЖК-ның қымыз өндірісі жобалары. Бұдан басқа 248 млн. теңгенің төрт жобасына бүгін-ертең шешім шықпақ. Банктер несие шамасына шектеу қоймайды, бірақ 10 млрд. теңгеден жоғары несие қаражаты сұралса, онда жобаның «тағдыры» салалық министрлікпен келісіп шешіледі, - деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Исатай Бақтыгереев. Оның айтуынша, БҚО бойынша туризм, қонақ үй салаларындағы жобаларды аталмыш бағдарлама бойынша несиелеу жөніндегі ұсыныстар орталыққа жолданған. Ақ Жайық өңірі Ресейдің бес облысымен шектеседі әрі транзиттік облыс болып табылатындықтан, жақсы қонақ үйлерге мұқтаж. Туризмді дамыту мәселесі де өзекті.

«Даму» қоры облыстық филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі аға менеджері Досхан Сәттібаев мұндай ашық есік күндері бекітілген сызба бойынша үнемі өткізілетінін айтады. Биыл өңірге «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 597 млн. 320 мың теңге бөлінген. Бұл қаражаттың 297 млн. 320 мың теңгесі «Қазақстанның халық банкі» АҚ-ның, 300 млн. теңгесі «Ресей жинақ банкі» АҚ-ның филиалдарына орналастырылған.

damu (3)

-Кәсіпкерлерді қолдап, құжаттарын жинатып, тегін кеңес беріп, осы банктерге дейін (қаржыландыру тек осы екі банкпен жүргізіледі)  құжаттарын «сүйемелдеудеміз». «Даму» қоры бұл бағдарлама бойынша қаржылық агент болып табылады. Қор филиалында кәсіпкерлермен жұмыс жасау орталығындағы менеджерлер ісін жаңадан бастаған және бұрыннан жұмыс істейтін кәсіпкерлерге толыққанды ақпарат береді. Былтыр Үкіметтің қаулысымен «Экономиканың басым салаларын қаржыландыру» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама инвестициялық мақсатқа, айналым қаражатын толықтыруға, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені салалары бойынша 600 млрд. теңгеге дейін кәсіпкерлік жобаларын несиелеуді көздейді. Несие 7 жылға дейін беріледі, 9%-ды мемлекет субсидиялайды, кәсіпкер тек 6%-ын өтейді. Кепілзаты жетпей жатқан кәсіпкерлерге «Даму» қоры қолдау жасайды, яғни жұмыс істеп жатқан кәсіпкерге несие шамасының 50%-ын, ал ісін жаңа бастаған кәсіпкерге 85%-ын (кепілзаттың15 %-ын кәсіпкер өзі салады) кепілдендіреді. Мұны мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту үшін жасалған қамқорлық деп түсіну керек, - деді Д. Сәттібаев. Оның ұсынған ақпаратына сүйенсек, бағдарлама бойынша облыста сервистік қызмет көрсету саласы субъектілері бағдарламаға қатысушылардың 38%-ын құрап отыр. Мысалға, «Ошкин С. В.» ЖК аутобуспен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, «Ғалиасқарова А.К.» ЖК ұсталған тауарлар саудасы, «Водолажский В. Ю.»  арнайы дүкендердегі сауда, «Колесников И.Г.» ЖК аутокөлікпен жүк тасымалы, «Мансұр» ЖК такси қызметі жобаларына инвестициялық мақсатқа жеңілдетілген несие алған.

damu (2)

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдаудың екі бағдарламасы: жұмыспен қамту, «Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы»  бойынша жұмыс істейді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жағына жауап береді. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша екі күн, «Бастау-бизнес» бойынша бір айлық оқыту курстары жүргізіледі. Негізінен жұмыссыздарды, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды, жаңадан өз ісін бастаған кәсіпкерлерді оқытып, оларға жеңілдетілген несие беру жағынан құжаттар жинауға көмек көрсетеді.

Ашық есік күні шарасына келген Ербол Ақжігітов мемлекеттік мекемеде электрик болы жұмыс істейді. Ол бұдан былай кәсіпкерлік құрып, өзіне жұмыс істегісі келетінін, соны қалай бастайынын, тендерлерге қатысу жайын білмекке келгенін айтады. «Кәсіпкерлер палатасы маманының жауабына көңілім қанағаттанды. Кәсіпкерлік курсында тегін оқытады екен. Тек тендерлерге қатысуды  оқытпайтыны қиын болды», - деді Ербол Ақжігітов.

damu (4)

Ал Нұрболат есімді жас жігіт мейрамханаларда бас аспаздың көмекшісі болып істейді. Ол да өзінің кәсіпкерлігін ашып, ел-жұртқа қызмет көрсеткісі келеді. Мамандар оған да қажетті кеңес беріп, бағыт-бағдар сілтеген.

Тағы бір азамат «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның өкілі Жамбыл Алдияровқа жолыққанын, өзінің жүк тасымалымен айналысатынын, жалға алып отырған орнының бағасының қымбаттығын айтып, көмек сұраған. «Көмектесеміз деді», - деді қуанышы жүзінде атойлаған ашық есік шарасына келуші.

- Кәсіпкер боламын деген адамды қолтығынан демеуге әзірміз. Оралдағы Чагано-Набережный көшесі, №84 мекенжайына кәсіпкерлік мәселелері сұақтарымен келуге есік ашық. Бізде кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталық мамандары тегін кеңес береді. Бухгалтерлік есептер, салық төлемдері бойынша есеп-қисапқа тегін көмек көрсетеді. «Атамекен сервис» деген сайт бар. Маркетингке, бизнес жоспар жасауға байланысты түрлі сұрақпен келушілер сайтқа тапсырыстарын толтырып, 10 жұмыс күні ішінде сұрағына жауап алады, бизнес-жоспары дайын болады. Кәсіпкерлікпен шұғылданғысы келетін азаматтар кәсіпкерлік палатасына, «Даму» қоры филиалына қай салада нендей кәсіпкерлікпен айналысқысы келетінін ойланып, нақты бір тоқтаммен келуі керек, - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Мұстафа Құрманғалиев.

Ашық есік күніне кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мемқұрылымдардың және қаржы институттарының  өкілдері қатысып, 50 азаматқа тегін кеңес берді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

Суретке түсірген Т.Тоқмамбетов

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале