22.03.2019, 13:53
Оқылды: 64

«Алтын ғасырда» өткен Наурыз той

Орал қаласындағы «Алтын ғасыр» мейрамханасында Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы Наурыз тойын тойлады.

Screenshot_2019-03-22-13-45-08-1

-Бүгінгі мерекелік шараға 60-тың үстінде адам шақырылып отыр. Олардың дені - қоларбамен жүретін бірінші топтың мүгедектері. Әрине, олардың арасында спортпен шұғылданатын, өнермен, кәсіппен айналысатын жандар бар. Шарада облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жастар шығармашылығы орталығының өнерпаздары келіп, өнер көрсетті. Сонымен қатар өзіміздің арамыздағы өнерпаздар да кештің көңілді өтуіне ат салысты. Бүгінгідей ұлттық мерекені киіз үйде тойлауға ауа райы салқындау болғандықтан, осындай жылы, жайлы жерде атап өткенді жөн санадық. Осыған облыс әкімдігі қолдау білдірді.

Бүгінгі шараны өткізудегі мақсатымыз қоғамның бір белсенді бөлігі екенімізді, қандай жағдайда да елімізбен бірге екенімізді көрсету, ынтымақ-бірлігімізді паш етіп, шығыс күнтізбесі бойынша басталған ұлттық мерекемізде, жаңа жылымызда бір-бірімізге жылы тілегімізді арнау, жақсы істерімізбен бөлісу болып отыр.

Screenshot_2019-03-22-13-45-12-1

Мемлекет тарапынан мүгедектігі бар адамдарға қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар беріліп отырғаны бізді алдағы уақытта да өмірге етене араласуға жетелей түседі. Бұрын бірінші, екінші топ мүгедектігі бар адамдар ата-анасының немесе жақын жандарының ғана қамқорлығында болып, қоғам өміріне етене араласпайтын, жұмыс істемейтін. Ал бүгінгі шараға қатысып отырған мүмкіндігі шектеулі жандардың басым бөлігі қоғамда өте белсенді. Шара барысында өздерінің еңбекқорлығымен айрықша жетістікке жеткен жандарға, сондай-ақ жуырда шаңырақ көтеріп, отбасылы болғандарға мүгедектердің ерікті қоғамы атынан арнайы сый-сияпат табыс етіледі, - дейді Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов.

Мерекелік дастархан басына жиылған жандарды Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова, «Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Біржан Қожақов, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Screenshot_2019-03-22-13-44-56-1

Тілек Есенов – аталмыш мерекелік шараға қатысушы мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі.

- Еліміздің барша тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған мерекелік шара үшін зор алғысымызды білдіреміз. Өмірде әр түрлі тағдырлар бар. Алайда әр адам ғұмырын қалай өткізгісі келсе, ол өз қолында. Мысалы, тәулікте 24 сағат болса, мен сол 24 сағат бойына өзімді көңілді ұстауға тырысамын. Адам өзін қалай бағыттаса, өмірі де солай өтеді. Көпшілігі мүмкіндігі шектеулі жандарды әлжуаз, көңілсіз адамдар деп ойлауы мүмкін. Шындығына келгенде мүлде олай емес. Олар - мәдениет, спорт саласында, адамдармен қарым-қатынас жасауды жетік меңгерген жан-жақты адамдар. Сондықтан мен бүгінгі мерекеде еліміздің барлық тұрғындарына ешқандай қиындықтан мойымайтын күшті ерік-жігер, ойлаған игі мақсаттарына жеткізетін мықты денсаулық тілеймін! – дейді Тілек Сәмерұлы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале