13.06.2017, 3:07
Оқылды: 155

  Алтын Орданың астанасы болған Сарай-Батудың кірпіштері музейге табысталды

 

Елге танымал күйші, белгілі домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиев пен журналист Нұртас Сафуллин ортағасырлық Сарай-Бату қаласының кірпіштерін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне табыстады.


- Мамыр айының басында күйші Едіге Нәбиевпен оның туған жері – Ресейдің Астрахан облысы, Қарабайлы ауданындағы Тамбовка ауылына бардық. Бес-алты шақырым жерде Селитренное ауылы бар. Едіге аға дүниеге келген жерде Басты деген колхоз болған. Ол тура Шыңғыс ханның немересі Бату (Батый) ханның Алтын Орданы құрған, алғашқы астанасы Сарай-Батуды салдырған жері екен. Бірнеше жыл бұрын тап сол тарихи орынға орыстар «Орда» деген тарихи фильм түсірді. Киноға декорация ретінде тастан көне шаһардың көшірмесін салған. Кино түсіріліп болған соң туристік нысанға айналған. Тамашалауға бардық. Жергілікті халық әңгіме арасында Сарай-Батудың аузынан тастамайды. Мұнарада туристерге арнап Сарай-Батудың тарихын баяндап, күй ойнатып қояды екен,-дейді Нұртас.

Аралап жүріп бір бұрышта ескі кірпіштерді қалап қойғанын көреді. Тастардың тарихын сұрап, осы жерден қазылып алынған нағыз Сарай-Батудың кірпіштері екенін біледі.

- Қаланың тарихын білгеннен кейін шамамен 800 жылдық тарихы бар бұл тастар ерекше әсер берді. Жер шарының біраз бөлігін алған алып мемлекет құрған, түркі жұртының үлкен билеушісінің орны, тарихтағы үлкен қаланың, астананың орны, Алтын Орданың қазығы болған жерден сол керемет әсермен тастарды тәбәрік ретінде алып келгіміз келді. Сөйтіп Едіге аға екеуіміз бір-бірден алдық. Көне кірпіштер үйде бір айдай тұрғаннан кейін, «Қарапайым тас құсап үйде тұра бергеннен не болады? Оқушылар тарихи орынның нақты дерегін көріп қызығушылығы артсын, қызығын ел-жұрт көрсін» деген ниетпен музейге тапсырдық,-дейді Нұртас Набиоллаұлы.

 

САРАЙ-БАТУ

Сарай-Бату тарихы сонау 1250 жылдары басталған: сол кезде Шыңғыстың немересі Бату қаланы алғашында көшпенділердің тынығу орны ретінде салғызған. Кейіннен Сарай-Бату (толық аты - Сарай-аль-Махрус) үлкен қалаға айналып, Алтын Орданың астанасына айналды. Хандар арасындағы өзара тартыс кезінде Сарай-Бату бірнеше рет қиратылған (1480 жылы түпкілікті жойылды). Көне Сарай-Батудың орнында 50 жылдан бері археологиялық қазбалар жүріп жатыр.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале