3.03.2018, 12:47
Оқылды: 91

Аналар жыламасын…

Күміс алқалы ана Нұрлыгүл сағынғалиеваБиылғы жылдың  1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тоқтатылды.

Енді отбасының табысы ескеріле отырып, оның орнына жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек төленбекші. Алайда бұл жаңалық ауыл-аймақтағы көпбалалы, табыс-кірісі аз отбасылардың кейбірінің онсыз да ыңыршығы шыққан қабырғасын сөге жаздағандай әсер етті.

Тасқала ауданының орталығындағы Ахметқалиев көшесінің бойындағы №33 үйде тұратын Нұрлыгүл Сағынғалиеваның облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясына жолдаған шағымхаты осылай өріледі. Мәселенің мән-жайын білмекке Тасқалаға арнайы барып қайттық.

– Алты баламның үлкені 9-сыныпта, ең кішісі 1 жас 8 айда. Жұбайым Тасқала ауылдық округі әкімдігінде газ қазандығының операторы болып жұмыс істейді. Бүгінде жұбайымның 47 мың теңге жалақысы және «Күміс алқаның» 15 мың теңгесімен күнелтіп, өлместің күйін кешудеміз. Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек қолданысқа енгенше әр балаға 23 мың теңгеден алдым. Қазір балаларға берілетін ақша неге тоқтады? Округ әкімдігінің қызметкері табысыңыз кедейлік шегінен асып кетті деп түсіндірді. Сонда қалай? – деп әңгімесін бастады Нұрлыгүл Сағынғалиева.

Оның айтуынша, бай дейтіндей отбасының малы да, тіпті мал ұстайтын қорасы да жоқ. Бір бас сиыр ұстауға жем-шөбі қымбат, ақша ауыспайды. Тасқалада бір арба шөп 30 мың теңге тұрады. «Үйіміздің жайы мынау, қабырғалары ырсиып, бір-бірінен алшақтап барады. Тұрғын үй кезегіне тұрайық десек, кезекке қоймады. Осы уақытқа шейін ешкімнен көмек сұраған емеспін. Марқұм анам тірі болғанда көмегін беретін. Бауырларым да қарасады. Бірақ қазір қатты қиналып  кеттім.

Отбасының табысы 60 мың теңге, соның сегіз мыңын газға, екі мыңын электр қуатына, екі мыңын дәрі-дәрмекке, 500 теңгесін суға, 11 мың теңгесін «Каспий банкке» несие үшін төлеймін. Балаларды киіндіруге 80 мың теңге несие алғанбыз. Отағасының да бұрынғы несиесі тұр. Төрт бала мектепте оқиды. Оқу басталарда мектептен көмекке егіздерге киім берді. Сонда қолымда 25 мың теңге қалады. Оқу құралдары, тамағың бар.

Сағынғалиеваның үйіҚазір бәрі қымбат. Кейде үй жағалап, жоғымды сұрап кететін кезім болады», – деп көзіне  жас алды көпбалалы ана.

Аумағы 40 шаршы метрді құрайтын құрқылтайдың ұясындай баспананың іші салқын, еденінің қарағайларының арасынан ескен мұздай желі сүйегіңнен өтеді. Бір тәуірі, екі бөлмелі үй газбен жылытылады. Бұрын бұл үй отағасы Саяхаттың атында болған. Кейін көпбалалы отбасыға үй беріледі дегенді естіген Нұрлыгүлдің енесі үйді өз атына аудартқан. Оған небары екі жыл болған.  Сондықтан заңға сәйкес бес жыл өтпей тұрғын үй кезегіне алынбайды. Бұл баспананың іргесі сөгілген, апатты жағдай-да. Үй салатын, үйді жөндейтін ақша ауыспайды, материалдар қымбат. Отанасының айтуынша, ауылдық округ әкімдігі ара-тұра қолдан келген көмектерін береді. Бірақ бір пакет тамақ неше күнге жетпек?!

34 жастағы Нұрлыгүл отағасының өткен жылы аулаға бақша егемін деп қарашірік төккенін айтады. «Мен жұмыс істегім келеді. Қандай шаруаны қолға алсам, іске асыра аламын деп ойланамын. Киім тігетін өнерім бар. Кейде тапсырыс алып, тігін машинаммен тігіп те жүрмін. Бірақ мата алатын ақшам болмайды. Жұмыстан қашпаймын, тек қолдау-көмек болса…», – деп тоқтады  Нұрлыгүл.

Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Мұсалимованың айтуынша, қиын өтпелі кезеңде үкімет тұрғындарға жұмыс тауып бере алмағандықтан, оларға әлеуметтік қолдау көрсетті.

– «Бүгінде қиын кезең артта қалды, қазір жұмыстың түрі көп. Сондықтан жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек берудің талаптары орынды.

Сағынғалиеваның үйі2АӘК-ге мұқтаж болады-ау деп болжаған 112 отбасының 70-сі ғана құжат тапсырды. Ал Н. Сағынғалиевадан өтініш түспеді. Оның отбасының табысы кедейшілік шегінен 378 теңге асып кеткен. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады, – деді Раушан  Сабырғалиқызы.

Мамандардың айтуынша, жаңа сипаттағы АӘК-ні қолданысқа енгізу үшін екі жыл бойы «Өрлеу» бағдарламасы  жұмыс істеді. Енді жаңа бағдарлама сол бағдарламамен пара-пар көрінеді. Екінші тоқсанда кедейшілік деңгейі мен отбасының табысы  арасындағы айырма Нұрлыгүлдің отбасына төленетін  болса, соның үш айдағы ақшасын жинап бір алып, жеке  кәсіпкерлік ашуға, ісін бастауға немесе мал алуға болады.

– Ауылда қолы боста барып жасайтын жалдамалы жұмыстар бар. Уақытым бар, жұмыс жасаймын десе, көмектесуге әзірміз, – дегенді және айтты Раушан Сабырғалиқызы. Айтқандай, Алғыс айту күніне орай біздің кейіпкеріміздің отбасына аудандық-аумақтық инспекция ұжымы қайырымдылық көмек қолын созбақ.

Бәлкім, ел ішінде сауабы мол қайырымды іске енжарлық танытпай, көпбалалы отбасыға көмек қолын созамыз дейтін азаматтар тағы табылар. Өзі де «Мемлекетке масыл болғым келмейді, жұмыс істеймін, еңбек етемін», – деп отыр. Тек жергілікті атқарушы билік пен құзырлы мемлекеттік құрылымдардан тиісті қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар берілсе… Қалай болғанда да, алқалы да, алқасызда аналар жыламасын   дейміз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Тасқала  ауданы

 

Мағрипа бармушеваМағрипа БАРМУШЕВА,

Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  бас  маманы:

– Тасқала  ауылының  тұрғыны Нұрлыгүл Сағынғалиеваға 2017 жылы 18 жасқа дейінгі балаларына төрт тоқсан бойынша 171 576 теңге жәрдемақы төленді. 2017 жылдың бірінші, екінші және үшінші тоқсандарында ол кісіден мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек сұраған өтініш түспеді. Тек өткен жылдың 4-тоқсанда өтініш түсіп,   21 369  теңге  көлемінде  АӘК  төленді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тоқтатылып, түскен өтініштерге байланысты отбасының табысы ескеріле отырып, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға ғана атаулы әлеуметтік көмек берілуде. Кедейшілік шегі күнкөріс деңгейінің 50%-ын құрайды және күнкөріс деңгейі тоқсан сайын өзгереді. 2018 жылдың 1-тоқсанына белгіленген күнкөріс деңгейі 22 348 теңгені, кедейшілік шегі 11 174 теңге шамасында. 2018 жылдың 1-тоқсанында Н. Сағынғалиева Тасқала ауылдық округі әкімдігіндегі ассистентке жолығып, табысын есептеткенмен, атаулы әлеуметтік көмек сұрап, жұмыспен қамту орталығына да, ауылдық округтің әкіміне де өтініш бермеген. 2017 жылдың 4-тоқсанында Н. Сағынғалиеваның көпбалалы ретінде алатын жәрдемақысы 40 616 теңге, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы 42 894 теңге, жұбайының еңбекақысы 193 733 теңге, яғни төрт тоқсандағы жиынтық табысы  277 243 теңгені құрады. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» туралы заңның 6-бабы 2-тармағына сәйкес жиынтық табыс 277 243 теңгені үш айға және сегізге (Н. Сағынғалиеваның отбасындағы адам саны) бөлгенде, яғни отбасының жан басына шаққандағы табысы 11 552 теңге болды. Ал кедейшілік шегі 2018 жылдың 1-тоқсанына 11 174 теңге болғандықтан, Н. Сағынғалиеваның жан басына шаққандағы табысы 378 теңгеге асып кетті. Сондықтан оған 1-тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Алдағы 2-тоқсанда күнкөріс деңгейі өсуі мүмкін, сондықтан жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкіміне жазбаша  өтініш  беруі  керек.

 

 

Бауыржан нұрмағанбетовБауыржан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Азаматша Н. Сағынғалиеваның үй кезегіне тіркеу жөніндегі арызы, құжаттары табысы аз отбасы санаты бойынша аудандық тұрғын үй комиссиясының отырысында қаралды. Сонда Н. Сағынғалиеваның жұбайы Саяхаттың 2016 жылғы 21 шілдеде өз атындағы тұрғын үйін өзге біреуге келісімшартпен (договор дарения) тарту еткен құжаты шықты. «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңның 72-бабының 2-тармағы бойынша соңғы бес жыл ішінде қай елді мекендегі болмасын, тұрғын үйін өзгенің меншігіне берген, сонымен қатар тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлатқан азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегіне қойылмайтыны анық көрсетілген. Осындай себептерден Н. Сағынғалиева тұрғын  үй  кезегіне  қойылмады.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале