15.03.2019, 18:42
Оқылды: 26

Анискино көлі тазартылады

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың бастауымен жұмыс тобы Анискино көлін Жайық өзенінен бөліп тұрған бөгеттердің жай-күйін көріп, зерттеуге барды. Жұмыс тобы құрамында БҚО бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау генерал-майоры Жасұлан Жұмашев және экология департаментінің, табиғи  ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары, Орал қаласы әкімдігінің өкілдері бар.

 8af2cc8d-a2c0-4bcb-916f-3b79305f2513

Орал шаһарының іргесіндегі Анискино көлі бұрынырақта балығы тайдай тулаған, құсы шулаған табиғат мүйісі болған. Алайда Кеңестер Одағы кезінде ағынды су құйылатын полигон ретінде пайдаланылды. Қазір ол мақсатқа пайдалану тоқтатылды. 2015 жылы көлдің арнасы көктемгі еріген қар және жаңбыр суынан толығады. Бірақ соңғы жылдардағы құрғақшылық онсыз да түбі көрініп, шалшыққа айнала бастаған Анискиноның жағдайын тіптен «мүсәпірлендіріп» жіберді. Ол аздай 2015 жылы көл табанынан заңсыз төгілген қар аралас мұнай қалдығы табылып, қылмыстық іс қозғалған болатын. Алайда қалдықты кім төккені анықталмады. Уланған көл табанының біраз бөлігі тазартылғанымен, мұнай қалдығының басым бөлігі сол қалпында қозғалмастан қалды. Енді көктемгі су тасқыны қатты болған жағдайда сол қалдықтың ағын сумен бірге Жайық өзеніне ағып кету қаупі төніп тұр.

Облыс әкімінің орынбасары Жайық өзенінің көл тұсындағы суға шайыла бастаған бірінші бөгеттің жай-күйін көріп, мамандармен пікірлесті. Сондай-ақ Б.Азбаев көлді мұнай қалдығынан тазарту, ластанған жердің топырағын рекултивациялау, одан кейін оны жою үшін тасымалдау жөнінде облыстық экология департаментінің, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшыларына тиісті нұсқау-тапсырмалар берді.

Көл түбінде 140 тонна мұнай қалдығы жатқаны жөнінде соттың шешімі шықты. Соны коммуналдық меншікке беру жөніндегі қатынас хатымыздың негізінде табиғи ресурстар басқармасы жұмыстанады. Басқарма атқарылатын жұмыстардың есеп-қисабын шығарады. Содан кейін бұл мәселе мәслихаттың күн тәртібінде қаралып, тиісті қаржы бөлінбек. Көктемде жер аяғы кеңіген кезде 140 тонна мұнай қалдығы Горбунов арнайы қалдықтарды басқару кешеніне тасымалданып, біржолата жойылады. Содан кейін мұнай қалдығынан тазартылған жерден сынама алынып, облыстық экология департаментінің арнайы зертханасында зерттеліп, тиісті қорытындысы шығарылады, - деді БҚО экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов.

66eab9b3-5fbd-4862-b168-eda1d43404aa 97b7113b-f6b0-4929-b638-44914eef0149 760783e5-8b25-465f-8015-875320f0e6a7

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале