13.03.2019, 21:40
Оқылды: 28

"Әр балаға берілетін 20789 теңге әлеуметтік жәрдемақымен 24480 батысқазақстандық қамтылады"

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасы барша жиынға қатысушыларға, әсіресе, алдыңғы қатарларға жайғасқан көп балалы аналарға мол мағлұмат берді.

IMG_3123

-1 шілдеден бастап ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 15 пайыздан 30 пайызға дейін өседі. Ең кем дегенде 1 млннан астам қазақстандықтың жалақысы артады. Негізінен, білім, денсаулық, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері қамтылады. Ауыл-аудан мен облыс орталықтарында халықпен тікелей жұмыс істейтін қызметкерлердің де жалақысы өседі. Біздің болжамымыз бойынша ең кем дегенде 75 мың адам қамтылады. Келесі мәселе, көп балалы аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету. Әр балаға берілетін 20789 теңге әлеуметтік жәрдемақымен 830 мыңға жуық қазақстандық қамтамасыз етіледі. Соның ішінде 24 480 адам батысқазақстандықтар. Жаңаша тәсілмен тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек отбасыларды қаржылай қолдаумен қатар, азаматтардың жаңадан мамандық алуына, әлеуметтік жұмысқа орналасуына, жастарды жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Бұған дейін АӘК мөлшері 4834 теңге болса, 1 сәуірден бастап 20789 теңгеге дейін артады. Халықты толғандырып жүрген мәселелердің бірі – жәрдемақы алардағы жиынтықтардың есептелуі. Осыған дейін «Алтын алқа», «Күміс алқа» үшін төленетін төлемдер, мүгедек балалардың жәрдемақысы мен олардың күтушілеріне берілетін төлемдер есептеліп келген болса, енді олар есепке алынбайды. Оған қоса жәрдемақы рәсімдеу тәртібі оңтайландырылды. «Е-халық» электронды жүйесі іске қосылды, құжат жинаумен жергілікті әкімдіктер айналысатын болады. Еліміздегі әр отбасының әлеуметтік картасы жасалуда,-деген Бердібек Мәшбекұлы көп балалы жалғызбасты ананы мысалға келтіре отырып, тағайындалатын жәрдемақы мөлшерін есептеп берді. Осыған дейін төрт баласын жалғыз тәрбиелеп отырған жұмыссыз анаға 63240 теңге жәрдемақы төленген болса, өзгерістерге сәйкес 103945 теңгені құрайтын болады. Бала күтіміне арналған жәрдемақының өсімімен айына 114449 теңге жәрдемақы тағайындалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында  500 мың теңге қайтарымсыз гранттар және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту үшін 6,5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген микрокредиттер берілетінін атап өтті.

Динара Жұмабекқызы,

сурет А.Куприенко

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале