25.04.2017, 14:48
Оқылды: 63

Ардагер-ұстазға құрмет көрсетті

Бүгін облыс əкімінің орынбасары Марат Тоқжанов 65 жылдық мерейтойына байланысты ардагер-ұстаз,«Құрмет» ордені, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Светлана Бисембаеваны қабылдады.


- Сіз білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, Тәуелсіздік жылдарында білімді ұрпақ қалыптастыруға үлес қостыңыз. Сол буынаннан көптеген білікті маман шықты. Елеулі еңбегіңіз арқылы жарқын із қалдырдыңыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Қабылдауда Светлана Бисембаева өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында нарықты дендеген дағдарысқа байланысты Орал қаласында қазақ мектептерін ашу оңай болмағанын әңгімеледі. Қазіргі уақытта зейнеткер бірге еңбек еткен әріптестері жайында естелік-кітап жазып жатқанын айтты. Марат Лұқпанұлы ардагер-ұстазға облыс әкімінің алғыс хатын табыстап, «Жібек жолы» кітабын сыйға тартты.

Айта кетелік, Светлана Ирғалиқызы 1973 жылы Орал қалалық №16 мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Кейін Орал қалалық білім бөлімінде инспектор, білім қызметкерлерінің қалалық комитеті төрайымы қызметін атқарды. 1989-2002 жылдары Орал қалалық білім бөлімінің, 2002-2006 жылдары білім басқармасының басшысы болды.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале