21.04.2017, 18:43
Оқылды: 19

Ардагер жауынгерлерге марапат

ҚР Қарулы күштерінің құрылуы мен тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыстың 25 жылдығына орай қаламыздағы Жеңіс алаңында салтанатты шара ұйымдастырылды.

Шараға БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент басшылығы, ҚР ҰҚК Шекара қазметінің әскерилері, ҚР Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық мектебінің курсанттары, тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығысқа қатысқан ардагерлер, сондай-ақ қала мектептерінің жанындағы әскери-патриоттық клуб мүшелері қатысты.

- 1993 жылы 15 сәуірде құрылған қазақстандық жеке атқыштар құрама батальоны Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында 2001 жылға дейін қызмет атқарды. Атап айтқанда есірткі тасымалы, қару және адам саудасы, сондай-ақ ауған соғысынан кейінгі шиеленістердің Орта Азия және Қазақстанға өтіп кетпеуін қамтамасыз еттік. Осындай қызмет барысындағы қақтығыстарда мерт болған батыр бауырларымызды ұмыту мүмкін емес. Мәселен 1995 жылы 7 сәуір күні төрт сағатқа созылған қақтығыста 17 жауынгерімізден айырылдық. Бүгінде сол күнді ҚР Ұлттық гвардиясы көлемінде Ерлік күні деп атап өтеміз. Біз аталмыш батальонның құрылған күніне орай еліміздің әр аймағында түрлі форумдар мен салтанатты шаралар ұйымдастырудамыз, - дейді «Тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығысқа қатысушылардың ардагерлер одағы»  республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғиса Құлтаев.

Салтанатты шара барысында мәңгілік алауға және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылды. Орал қалалық қорғаныс істері басқармасының бастығы Марат Есенов тәжік-ауған шекарасындағы әскери қақтығыстарға қатысқан ардагерлерге «Жеке құрама атқыштар батальоны» медалін табыс етті. Патриоттық әндер шырқалып, «Заншин» каратэ клубының жас тәрбиеленушілері өнерлерін көрсетті.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале