23.10.2017, 19:07
Оқылды: 18

Ардагердің жағдайын білді

«Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының «Батысэнергоресурсы» бастауыш партия ұйымы мүшелері «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында Орал қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Татьяна Туминаның үйінде болып, қарияның жағдайын білді.

Айта кетейік, «Батысэнергоресурсы» ЖШС жанындағы бастауыш партия ұйымы биылғы Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында соғыс ардагерінің шаңырағына арнайы құттықтап келген болатын. Сол кездесуде Орал қаласынның Несусыпов көшесі, 101 үйде тұратын 94 жастағы қария жүріп-тұрудан қалғандығын айтқан екен. Ардагердің күтімімен айналысып отырған қызы бастауыш партия ұйымы жетекшілеріне мүгедектерге арналған қоларба және үй ішінде қозғалып тұратын құрылғы алуға көмектесу жөнінде өтініш айтыпты.

-Ардагердің өтінішін серіктесіміз «Конденсат» компаниялар тобына жеткізіп, көп ұзамай қарияға қоларба мен қозғалтқыш құрылғы табыс еткен болатынбыз. Бүгін «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ардагердің сұрауымен арнайы дәрігерді өзімізбен бірге әкеліп, қарияның денсаулығын тексерттік. Қан қысымын тексеріп, жүрек соғысын қарады. Ендігі жерде ардагердің тіркелген емханасындағы дәрігерлердің жие келіп, қарияның денсаулығын қатаң бақылауда ұстауларын сұрамақшымыз. Бүгінде қатарлары сиреп бара жатқан ардагерлерге біздің ұжым, бастауыш партия ұйымы әр дайым қол ұшын созуға дайын,-дейді «Батысэнергоресурсы» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Дина Ғалиметденова.

Қарияның денсаулығын тексерген №3 емхананың дәрігері Светлана Жұмашева ардагердің саулығы қанағаттандырарлық, қан қысымы мен жүрек қағысы қалыпты екендігін айтты. Тек өткен жылы оқыс құлаудың салдарынан алған аяқ жарақатының кесірінен жүріп-тұрудан қалған.

Ал Татьяна Андрияновнаны бағып-қағып отырған қызы қарияның зейнетақысының аздығына, бекітілген емханадан дәрігерлердің келмейтіндігіне шағымданады.

-Анам соғысты басынан аяғына дейін өткізген жан. Сұрапыл жылдары қан майданда дәрігерлік қызмет атқарып, талай жауынгердің жанын сақтап қалған. Бүгінгі таңда ауруы асқынып, қолымызға қарап қалды. Арасында өзімнің ұлым келіп көмектеседі. «Нұр Отан» партиясы сыйға тартқан қоларбаның арқасында анамызды ауладағы моншаға апарамыз. Бүгінде дәрігерді әкеліп, денсаулығын тексертіп жатыр. Осындай қамқорлықтарына өте ризамыз,-дейді қарияның қызы Валентина Маштакова.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале