30.03.2019, 14:33
Оқылды: 25

«Ашық әкімдікте» атаулы әлеуметтік көмек жайлы түсінік берілуде

Бүгін «Орал қаласы халықты жұмыспен қамту орталығында» «Ашық әкімдік» шарасы өтті. Аталмыш шарада облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған облыстық, қалалық әкімдіктердің қызметкерлері тұрғындардың мәселелерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

IMG-20190330-WA0050

Шара негізінен атаулы әлеуметтік көмектің берілу жолдарын тұрғындарға түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған. Алайда қабылдауға келген көпшіліктің арасында өзге де мәселелермен, әсіресе, тұрғын үй, пәтер алу бағытындағы сұрақтармен келген тұрғындардың да қарасы мол болды.

Данагүл СҰЛТАНОВА, Орал қаласының тұрғыны:

-Бес баланың анасымын. Пәтеріміз болмағандықтан тар жерде ата-енемізбен бірге тұрып жатырмыз. Пәтер жалдап көріп едік, бірақ пәтер қожайындары «балаларың көп, үйді бүлдіреді» деп жиі-жиі шығарып жіберетін болды. Екі балам мектеп оқушысы. Талапқа сай әр балаға сабақ оқитын жеке бөлме керек. Оған біздің мүмкіндігіміз болмай отыр. Облыс әкіміне жолығып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы кеңес алдым. Аталмыш банктен шот ашып, пәтер құнының 10 пайызын жинауымыз қажет. Сол кезде пәтерге кідіріссіз қол жеткізуге мүмкіндік болмақ. Мысалы екі бөлмелі пәтер болса, бір шаршы метрін 150 мың теңгеден есептегенде пәтер бағасы 9 млн. теңге болады екен. Біз шотымызға 900 мың теңге жинасақ, жылына екі пайыздық мөлшерлемемен несие берілетінін білдім.

IMG-20190330-WA0048

Гүлмира БАТПАҚҰЛОВА, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

-Мүмкіндігі шектеулі жандардың пәтерге қол жеткізуіне арналған «7-20-25» бағдарламасы бар. Мүгедектердің көпшілігі денсаулықтарына байланысты ауылдық жерлерден көшіп келгендер. Олардың бірден үй алуға мүмкіндіктері болмағандықтан, саяжайларда немесе пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Ал аталмыш бағдарламамен үй алайын десе, банктердің тарапынан кедергіге тап болып отыр. Еліміздің заңы бойынша бірінші, екінші топ мүгедектігі барлар зейнетақы аударымдарынан босатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында жұмыс істейтіндері де бар. Олар табысы туралы анықтаманы банктерге алып келген кезде, банк қызметкерлері өздерінің ішкі заңдарына сілтеме жасап, зейнетақы аударымын растайтын құжатты талап етуде. Мұндай құжат болмаған жағдайда 20 жылға кепілгер табуымыз керек екен. Сонда банктердің ішкі заңы еліміздің заңынан жоғары болып тұр ма? Осы мәселемен Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевқа жолықтым. Ол барлық банктердің өкілдерін жинап, мәселені шешу бағытында арнайы кездесу ұйымдастыратынын айтты. Жалпы Облыс әкімі Алтай Көлгінов, сондай-ақ, қала әкімі Мұрат Мұқаев мүгедектердің мәселесін шешуге үлкен мән береді. Кейде қаржылай қолдау білдірсе, арасында демеушілер тауып, мүмкіндігі шектеулі жандарға арба алып беруді ұйымдастырады.

IMG-20190330-WA0047

Айта кету керек, бүгін «Ашық әкімдік» қабылдаулары облыстың 12 ауданында да өтуде.

Нұртас Набиоллаұлы,

Суретке түсірген автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале