18.04.2017, 18:35
Оқылды: 43

Әскери-қолданбалы спорт түрінен жастар арасында облыстық жарыс басталды

Бүгін Орал қаласында әскери-қолданбалы спорт түрінен жастар арасында облыстық жарыс басталды. Жарыс алдында Орал қалалық №47 мектептің ауласында «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны болды. Оған облыс орталығы мен аудандардағы әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысты.

Жиында сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының бас маманы Алтынбек Қадыров әскери қолданбалы спорт түрін дамыту, жастарды еліміздің Қарулы Күштер қатарында және құқық қорғау органдарында қызмет етуге бейімдеу аса маңызды екенін  атап өтті.

– Облыстағы мектептердің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Оқушыларды әскери салада қызмет етуге дайындайтын болғандықтан, олар да  арнайы аттестациядан өтеді. Қорғаныс істері жөніндегі мекемелердің мамандары мектеп түлектерімен және әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен кездесулер ұйымдастырып, әскери оқу орындары, емтиханға дайындық барысы жайында кеңінен мәлімет береді. Білім саласындағы мекемелермен бірлесіп, тұрақты түрде түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз, – деді жиында БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бөлімінің басшысы, подполковник Денис Садиков.

Шара барысында ҚР Ұлттық Ұланының 5517-әскери бөлімінің жанындағы «Жас Бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері жекпе-жекке шығу мен суық қарудан қорғану әдістерін көрсетті.

Кейін мектеп ауласында әскери-қолданбалы спорт түрінен жарыс басталып, оған қатысқандар пневматикалық қаруды нысанаға көздеп, оқ атудан және жерге қол тіреп, шынтақты бүгіп-жазудан сынға түсті.

Сонымен қатар жас өнертапқыштар көрмесі ұйымдастырылып, байқауға ұсынылған әскери техника, ұшақ, кеме үлгілері мен көрнекі оқу құралдарына арнайы комиссия баға береді.

Жарысқа «Жас Ұлан» (дарынды балаларға арналған мамандандырылған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп), «Шекара» (Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі), «Поиск» (Орал ақпараттық технологиялар колледжі) және аудандардан келген «Қайсар» (Бөкей ордасы),  «Жас қыран» (Зеленов), «Айбын»  (Қаратөбе), «Сарбаз» (Теректі) әскери-патриоттық клубтарының мүшелері қатысуда.

Әскери-патриоттық шараны облыстық білім басқармасының «Өркен» қосымша білім беру орталығы және облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мамандары бірлесіп ұйымдастыруда.

Сәуірдің 20-сына дейін Орал қалалық №30 және 47 мектептердің базаларында командалар жекелей турнике тартылудан, әскери кростан, автомат бөлшектерін шапшаң құрастырудан, газтұтар киюден, арқан тарту мен әскери эстафетадан сайысқа түседі. Орал қаласындағы «Арена» интернет-кафесінде «World of tanks» компьютерлік ойынынан байқау өтеді.

 Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале