1.10.2017, 10:51
Оқылды: 17

Ассамблея сапалы іс-шараларға жете мән бермек

IMG_6623(1)Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбайдың өңірімізге жұмыс сапарымен келуіне байланысты қаламыздағы Достық үйінде кеңейтілген отырыс өтті. Оған облыс әкімі, облыстық ассамблея төрағасы Алтай Көлгінов, этномәдени бірлестік басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиынды ашып, мәртебелі мейманға қош келдіңіз айтқан облыс басшысы 90-нан аса этнос тұратын Ақ Жайықтағы өңірлік ассамблеясында 127 мүше, 20 мыңнан аса белсенді, 52 этномәдени орталық барын, ассамблеяның 52 мүшесі түрлі деңгейдегі мәслихат депутаты болып табылатынын айтты. Былтыр Елбасы тапсырмасына сәйкес облыс орталығында Достық үйі ашылды. Мұнда барлық этномәдени орталық пен облыстық ассамблеяның құрылымдық бөлімшелері үшін қажет жағдайдың бәрі жасалған. Тұрақты түрде Этнос күндері өткізіліп тұрады. Биыл ассамблея 'Рухани жаңғыру' бағдарламасын жүзеге асыру бағытында тығыз жұмыстануда. Аталмыш бағдарлама аясында алты бағыт бойынша 20-дан астам жоба дайындалып, жүзеге асырылды. Одан бөлек 'Қазақстанның 100 жаңа есімі' жобасы бойынша үміткерлерді іріктеу үшін ассамблеяда жұмыс тобы құрылды. Олармен бүгінгі таңда 305 үміткер іріктеліп, республикалық комиссияға жолданды.
Өз кезегінде сөз алған Дархан Мыңбай БҚО-ға шақырып, мұндағы ассамблея жұмысымен танысуға барынша жағдай жасап, қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне ризашылығын білдірді.
-Елбасының рухани жаңғыру бағытындағы мақаласының мәні тереңде. Оған біз жете мән беруіміз керек. Ол бір-екі жылға арналған бағдарлама емес. Сол себепті санға емес, сапаға назар аударатын уақыт жетті. Енді дөңгелек үстел, түрлі жиналысты азайтып, сапалы, көпшілік үшін пайдалы іс-шараларды ұйымдастыруымыз қажет.
Жалпы Ассамблея жұмысында батысқазақстандықтар белсенділігімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта осы межеден табылады деп ойлаймын,-деген Дархан Қамзабекұлы Ассамблея алында тұрған міндет-мақсаттарды айтып өтті.
Жиын барысында этномәдени орталық басшылары мен облыстық ассамблеядағы құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері атқарған жұмыстарын баяндап, өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Артынан мәртебелі мейман қаламыздағы бірқатар мекеме-кәсіпорындарда болып, ондағы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарымен танысты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале