2.08.2017, 18:12
Оқылды: 30

Астанада батысқазақстандық ұжымдардың концерті өтуде

Бүгін Астанадағы этноауылдағы думан батысқазақстандық өнер ұжымдары мен қолөнер шеберлерінің және спортшылардың шеруінен басталды.


Ұлттық нақышта көркем әдіптелген  киім киген өнерпаздар қақпадан сән-салтанатын паш ете кірді. Алтыбақан қасында беташар, айтыс, жар-жар секілді салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері қойылды. Көңілді думан он екі қанат киіз үй ішінде қойылған сахнада жалғасын тапты.

«Жазира Жайық» тақырыбында өткен мәдени шара барысында Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әншілері Қатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Күләш Қуанышқалиева халық әндерін орындады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымовтың дирижерлігімен Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі Құрманғазының «Серпер», Дәулеткерейдің «Ақжелең» күйін төгілтті. Танымал күйшілер Ермек Қазиев, Аңсар Бердіғалиев, Ақылбек Бектасов, Досым Мақсотовтың күй шеруі тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады.

«Назерке» және «Ақжайық» ансамбльдері би қойылымдарын әсем орындады. Этнофольклорлық ұжымдардың концертінде Қазталов, Зеленов, Тасқала аудандарының өнерпаздары да ән-күй мен термелер, би қойылымдарын ұсынды.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

IMG_2448 IMG_2457 IMG_2480 IMG_2539 IMG_2556 IMG_2573

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале