29.06.2018, 15:06
Оқылды: 39

Оралда Астананың 20 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

 

777777777777777Бүгін Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен тәуелсіздіктің тірегі, еліміздің жүрегі Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астананың жаһандық жаңғырудағы үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараның пленарлық бөлімін облыс әкімінің кеңесшісі Ерлік Оразаев ашып,  сұлу Астанының ел дамуындағы рөлі мен өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.

Конференцияға қатысқан Қазақстан мен Ресейдің танымал тарихшы ғалымдары Астана қаласының ел тарихындағы алатын орны мен мән-мағынасы жайында әңгіме өрбітті. Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында баяндама жасағандар Астана қаласының өткен жиырма жыл ішіндегі айтулы жетістіктерін, жылдан-жылға сәніне сән қосып, ажарланып келе жатқан елорданың дамуын және еліміздің саяси, мәдени және ғылыми орталығы болып қалыптасқанын атап өтті.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Рысбеков Астана қаласының қалыптасу және даму кезеңдеріне шолу жасаса, «Ғылым ордасы» шаруашылық құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директорының ғылыми инновациялар және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Нұрлан Сейдін «Астана-ғылым мен білімнің эпицентрі» тақырыбында баяндама жасады. ҚР Парламенті Мәжілісінің қос шақырымының депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Виктор Киянский Астана тарихы тәуелсіз Қазақстан тарихымен үндес, сабақтас, тамырлас екендігін айта келе, бүкіл әлем көз тігетін елорданың бүгінгі айбынды келбеті, еркіндік пен елдіктің символына айналған қайталанбас сәулеті туралы пікірлерімен бөлісті. Астрахань қаласынан арнайы келген тарих магистрі, «Едіге» ноғай мәдениетінің Астрахандық орталығы төрағасының орынбасары Линара Иргалиева болса, қазақ даласындағы ең киелі және көне мекеннің бірі, Ноғай ордасының тарихи астанасы Сарайшық қаласы туралы тың деректерді ұсынды. Сондай-ақ, ғалымдар астананы көшіру аспектілері, елорданы дамытудың перспективалары, қазақ даласындағы астаналар және олардың ел дамуындағы рөлі мәселелерін талқылап, пікір алмасты.

«Өркениет көшіне ілескен тәуелсіз Қазақстанның осы арнаға бет бұрғанына азды-көпті уақыт болған жоқ. Осы мезгіл ішінде елордамыз Астана елдігіміздің нышанына, береке-бірлігіміздің ұйытқысына, абыройымыздың айғағына айналды»  десті конференцияда ғалымдар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»   

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале