11.01.2017, 16:50
Оқылды: 65

Аталық малды бағалау жайын қаузаған семинар

?????????????????????????????????????????????????????????

  Бүгін Оралдағы «Рахат» қонақ үйінің баспасөз залында «Асыл тұқымды етті бағыттағы аталық бұқаларды ұрпағының сапасы және бұқашықтарды өзіндік өнімділігін сынау жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында республикалық семинар өтті. Оған еліміздің және Ресейдің ғалымдары, облыстағы және бірқатар өңірлердегі шаруашылықтардың басшылары қатысты. Семинарды Қазақтың ақбас тұқымының республикалық Палатасы ұйымдастырды.


  seminar-atalik-1Еліміздегі ет экспорты әлеуетін арттыру жобасының табысты жүруі көп жағдайда асыл мал басын көбейтумен, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге жоғары бағаланған өндіруші-бұқаларды өсіріп, өткізумен айналысатын шаруашылықтардың жұмысына  байланысты болмақ.  Сондықтан ірі қара малының асыл тұқымдарын сақтау және көбейту жұмыстарын ұйымдастыру үмаңызға ие.

  -Өткен ғасырдың 90-жылдары еліміздегі мал басы саны күрт кеміді. Сол кезде ақбас тұқымды мал 1 миллионнан асатын болса, 2010 жылы олардың саны 86 мыңға дейін төмендеді. Мал асылдандыру жұмыстарына сапалық бағалаудан өткен бұқалар жетіспейді. 2015-2016 жылдары өңірлер бойынша 500 бұқашық сынақтан өткізілсе, 2016-2018 жылдары 2 мың бұқашық сынақтан өткізіледі.  Биыл «Асыл түлік» асылдандыру орталығына Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан 9 бұқашық алдық, енді оларды сапалық бағалаудан өтеді. Асылдандыру орталығында олардың ұрпақтарының қасиеттеріне қарай бағалайтын болады. Егер асылдың ұрпағы оңды нәтижелер көрсететін болса, ұрпағының сапасы бойынша бағаланған бұқа мәртебесін алады. Содан кейін оларды «конвейерге» қоюға болады, - деді Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының директоры  Әнуарбек Сейітмұратов.

seminar-atalik  Мамандардың айтуынша, өңірлерде селекциялық жұмыстар жүргізіліп, аталық малды іріктеп, табынға сапалы деп бағаланған бұқаны қосу керек. Алайда сапалық бағалаудан өткен аталық мал аз. Мысалы, Астана қаласы маңындағы Қосшы ауылында «Асыл түлік» және Талдықорған қаласындағы «Асыл» асылдандыру орталықтарында асыл ақбас тұқымды 19 бұқаның екеуі ғана сапалық бағалаудан өткен. Енді сегіз бұқа бағалау алдында тұр. Егер де олар сапалық бағалаудан өтсе, оларды да асыл мал санын өсіруге пайдалану мүмкіндігі тумақ. Басқосуда Жәңгір хат атындағы БҚАТУ ректорының кеңесшісі, ғалым Қазыбай Бозымов, Ресейдің Орынбор облысының асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлімінің консультанты Валерий Хайнацкий және өзгелері етті тұқымды өндіруші-бұқаларды бағалау әдістерін жетілдіру, бағалаудың тиімділігін арттыру жайында баяндамалар жасады.

  Аталмыш семинардың облысымызда өтетін орны бар. Өйткені Ақ Жайық өңірі қазақтың ақбас тұқымды асыл малын өсіреді. Қазақтың ақбас тұқымының республикалық Палатасы директорының орынбасары Қабыл Исабековтың айтуынша, БҚО-да асыл малды өсіру саны және сапасы жағынан алғанда күллі еліміз бойынша жақсы жүргізілуде. Бұл тұқымның өнімділігін асыру үшін асылдандыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізу қажет. Асылдандыру жұмыстары үшін бұқашықтарды өз өнімділігі және ата-тегінің сапасы бойынша сынақтан өткізген тиімді. Бұл бағытта облысымызда бірқатар жұмыстар жүргізілуде. 2015 жылы Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығында республика көлемінде бірден-бір етті тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі және ата-тегінің сапасы бойынша бағалауды тексеруді ұйымдастыру станциясы құрылып, жұмыс істеуде. «Өткен жылдан бастап аталмыш станция бұқашықтарды сынақтардан өткізе бастады. Жұмыс тәжірибелерінің алғашқы нәтижелері бойынша теориялық тұрғыдан әңгімелеп, түстен кейін станция басына барып, семинарға қатысушыларға тәжірибе жүзінде көрсетеміз», - деді Қ. Исабеков.

  «Сәбит» шаруашылығы аталмыш станциясын ашуға 80 млн. теңгедей өз қаржысын жұмсаған. Бұл аз ақша емес. Сондықтан  Палата ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хаттама жолдап, асыл тұқымды бұқашықтарды өз өнімділігі және ата-тегінің сапасы бойынша бағалауды тексеруді ұйымдастыру станцияларын аймақтық етіп өңірлерде бір жерден ашып,  оларға қолдау көрсетілуін сұраған.  Мұндай станциялардың көбеюі еліміздегі мал шаруашылғының, ет экспортының әлеуетін көтеріп, экономиканың дамуына қарқын береді.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале