20.06.2018, 18:10
Оқылды: 18

«Аудандарда дәстүрлі өнерді дәріптеу кемшін»

35686745_178228019517307_969901179913895936_n«Men  qazaqpyn!» халықаралық телевизиялық мега жобасының облыстық кезеңі аяқталды. Бұл туралы  өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсентегі және «Қазақстан» РТРК АҚ БҚО филиалының директоры Асланбек Ғұбашев мәлімдеді.

Асланбек Зиннатұлының айтуынша, ұлттық құндылықты ұлықтап, руханиятымызды жаңғыртуды мақсат тұтқан аталмыш байқауға облыс бойынша 140-қа жуық үміткер қатысқан. Оның 44-і облыстық кезеңде бақтарын сынаса, 14-і гала-концертте өнер көрсеткен. Байқаудың қорытынды кешінде дәстүрлі ән жанры бойынша тасқалалық Бейбіт Қажығалиев, терме орындаудан оралдық Тілек Базаров, ал күй тартудан оралдық Жасұлан Зинединов үздік деп танылған.

–  «Men  qazaqpyn!» жобасының аудандық, облыстық кезеңдері облыс әкімінің қолдауымен өткізілді. Байқау үш бағыт бойынша, яғни дәстүрлі ән, терме, күй жанры бойынша ұйымдастырылды. Бұл жоба  біздің ұлттық өнерімізді дәріптеуге, болашақта осы бағыт бойынша тың жобаларды бастауымызға серпін берді. Аудандарға барғанда дәстүрлі өнеріміздің насихатталуы кемшін екеніне көз жеткіздік. Қазылар алқасының құрамында Хатимолла Бердіғалиев, Сәуле Таудаева, Нұржан Сертеков секілді өнер майталмандары болды. Облыстық кезеңнен жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар мегажобаның халықаралық кезеңінде бақтарын сынайды. Онда әр түрлі өнер мектебінің ән-термелері мен күйлерін орындайды.  Жерлестерімізге жеңіс тілейміз, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сайран Темірғалиұлы.

Жобаның халықаралық кезеңі тамыз айында Алматы қаласында  өтеді.

                                                             Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі» 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале