13.05.2018, 0:11
Оқылды: 30

Әуезов театры оралдықтарға "Таңсұлуды" ұсынды

dig

Орал қаласында М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының гастрольдік сапары жалғасуда. Бүгін театр ұжымы ақжайықтықтарға Ғарифолла Есімнің "Таңсұлуын" ұсынды. Қойылымға Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов Францияның Канн қаласындағы фестивальден арнайы келді.

- Жақсылыққа адам тоймайды. Актер қауымында әр уақытта екі өмір бар. Бірі - сіздердің алдарыңызда тұрғаным, екіншісі - сахна. Сахналық өмірім менің күнделікті өміріме жас қосады. Өмірімді ұзартады,- деді белгілі актер.

"Таңсұлудың" желісі қалмақтың дегеніне көнбей өзін-өзі құрбан еткен ару жайында өрбиді.

Қойылым бақсының мына бір сөздерінен басталады:
"Әйел затына сұлулық бақытқа қоса қасірет әкеледі, бәйбіше, баланың жолы күншығысқа да, күнбатысқа да бастап тұр. Анық-қанығын менің құмалақтарым аша алмай, қиналыста отырмын. Байқаймын, балаңыз өзінің алдағы өмірін өңінде көріп, болжағанға ұқсайды. О, ғажап, мұндай да болады екен-ау! Таңсұлу – қайыршы кемпір! Жо-жоқ, сірә тамырым тартылып, қаным суалып, қартайдым білемін. Бәйбіше, жарытып айтар түрім жоқ. Тек бүгіннен қалмай бұл ауылдан қоныс аударған жөн. Таңсұлуды көрсем, сандырақтап ойыма әлденелер түсе берер..."

Қалмақтың тұтқынына түскен Таңсұлу өз мұрнын өзі кеседі. Және ұрпағын аман сақтап қалады.

- Таңсұлу оқиғасы - ойдан шығарылған емес, өмірде болған оқиға. Таңсұлу мүмкін қалмақ жігітіне ғашық болған шығар. Алайда оның қазақ рухы кеудесінде тұрды. Ол қалмақтың тұтқынына түскенде, ішінде баласы бар еді. Сол ұрпағын еліне табыстырды. Таңсұлу - тектіліктің символы,-дейді бақсы рөлін сомдаған актриса Гүлнар Жақыпова.

Қойылымның режиссері - Алма Кәкішева.

Айта кетейік, ертең театрдың сапары аяқталады. 13 мамыр оралдықтар "Бейбарыс сұлтан" қойылымын тамашалай алады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале