9.12.2016, 14:35
Оқылды: 95

Ауруханада ашылған мұражай

auruhana-murajai-2Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан мұражай ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.


Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен аталмыш мекеменің құрылғанына 40 жыл орайластырылған игі шараға денсаулық сақтау саласының ардагерлері, қалалық емханалардың бас дәрігерлері және БАҚ өкілдері қатысып, жаңа мұражайдың ашылуына куә болды.

-Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өмірдің кішкентай сәттерін еске түсіретін, көрген адамға тамаша сезім ұялататын мұражайдың ашылуы бәрімізді қуантып отыр.

auruhana-murajai-1«25 жұлдызды күн» акциясы аясында өңірімізде бірнеше шара өтіп жатыр. Солардың біріне өздеріңізде ашылып отырған мұражайды қосуға болады. Денсаулық саласына аянбай еңбек еткен ардагер ағаларымыз бен балалар ауруханасының қызметкерлерін егемен еліміздің 25 жылдығымен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық және отбасылық бақыт тілеймін, - деген облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов аталмыш мекеменің неврология бөлімінің меңгерушісі Лизами Зайнуллина, емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары Раиса Мұхтарова, травматология бөлімінің меңгерушісі Марат Жұмабаев, фельдшер-зертханашы Жаннат Маженова сияқты бір топ қызметкерлеріне алғыс хаттар тапсырды.

- Ардагерлеріміз қолында бар жәдігерлерді әкеліп тапсырды. Әлі де жинақтаумен айналысып, мұражайымызды көркейтуге күш саламыз. Тәуелсіздік алғаннан бері ауруханамыз қарқынды дамып келе жатыр. Балалар ауруханасы ашылған кезде 7-8 дәрігер қызмет жасаған екен, ал қазіргі таңда ауруханамыздың жеті бөлімі бойынша 58 дәрігер жемісті еңбек етіп келеді.

auruhana-murajaiАғымдағы жылы үш жас маман педиатр мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, халыққа қызмет көрсетуде, - деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының әдістемелік-ұйымдастырушылық жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнара Баесова.

Шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің балалар хирургиясы кафедрасының профессоры Болат Жиеналиев пен педиатрия кафедрасының профессоры Жұмабек Досымов (Ақтөбе қаласы) сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Жылы лебіздер мен марапаттауларға толы кештің соңы концерттік бағдарламамен ұласты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале