19.04.2018, 14:51
Оқылды: 80

Аялдамалардың аянышты күйі немесе желге ұшқан миллиондар

 

Бүгінде 40 мыңға жуық халқы бар Зашаған кентіндегі шағынаудандарының басым бөлігінде қоғамдық көлік тоқтайтын аялдама жоқ. Әсіресе, № 6, 7 автобустар жүретін бағыт биылға дейін аялдамадан жұрдай болатын. Ауа райының қолайсыз күндері өкпек желдің, жауған қар мен жаңбырдың астында тұрып, қоғамдық көлік күткен тұрғындар, әсіресе, мектеп оқушыларын көргенде, жаның ашитын. Қала орталығындағы сәні келіскен смарт аялдамаларға зашағандықтар  қызыға  да  қызғана  қарайтын.

Бұл мәселе жылда өтетін шаһар және кент әкімінің есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін. Өткен жылдың соңында бірқатар аялдамалардың қадасы қағылып, қаңқасы тұрғызылғанда,  тұрғындар шынайы қуанған еді. Бірақ бұл қуаныш көпке ұзамады. Себебі бас-аяғы бір-екі айда тұрғызылған аялдамалардың кейбірі бір-екі күнде күл-талқаны шықты. Тіпті тәулік бойына балалар көлік күтетін №30 мектеп аялдамасына Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасын насихаттайтын жапсырма қойылып, көркі алыстан көз тартатын. Амал не?! Аялдаманың сәні келіскенімен, сапасы лезде сыр берді. Жаңағы айтқан «әдемі» жапсырма әуелі ақ қардың үстіне шашылса, кейін жол жиегіндегі судың түбінде қалды. Бақсақ, аялдама қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «биттің қабығына» сәл-пәл қалыңдау әйнекшемен қапталған екен. Сөйтіп, осы бағытқа қойылған аялдаманың басым бөлігінің қалқаны қирап, құр қаңқасы қалды. Түйткілдің себеп-салдарын Зашаған кенттік әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің басшысы Медеу Баймурзиннен  сұрадық.

IMG_2814- Қаламыздағы аялдамалар қоюмен айналысатын мекемелелердің техникалық сипаттамасына қарай жариялаған тізімінен осы аялдама түрін таңдап алған болатынбыз. Себебі бұл аялдама түрінің құны арзандау болды. Ондағы мақсатымыз – қаралған азғантай қаржыға көбірек аялдамалар орнату еді. Желтоқсан айының басында «Буянов» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде 11 аялдама орнатуға тапсырыс беріліп, оған 5 600 000 теңге қаражат бөлінді. Орнатылған аялдамалардың бәрі бірдей сынған жоқ. Тұрғындар аялдамалар желдің әсерінен  қирады деп ойлайды. Бірақ жағдай мүлдем олай емес. Ауа райының салдарынан сынатын болса, желдің өтінде тұрған Бортау шағынауданындағы аялдамалар қирау керек қой. Яғни  аталған аялдамалар адам факторының әсерінен сынуда. Нақтылап айтқанда, тұрғындар мемлекеттің мүлкін өз қолдарымен теуіп, соғып сындырды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, сол аялдамаларға күндіз күн сәулесінен қуат алатын диодты  жарықтандырғыштар да қойылды. Тұрғындар бір күн болмай, аялдама төбесіне орнатылған құрылғыны қолмен сындырып әкетті. Бүлдірушілерді іздестіруге жергілікті полиция қызметкерлеріне шағымдандық. Олардан еш жаңалық жоқ. Қысқасы, бар пәле тұрғындарда болып тұр, - дейді бөлім  басшысы.

IMG_2813Маманның айтар дәйегі осындай. Дегенмен әрбіреуінің құны жарты миллион теңгеден асатын аялдамалардың тым әлсіз екені көзге анық көрініп-ақ тұр. Тіпті аялдаманы қаптаған пластикалық әйнектің сапасының сын көтермейтіндігі құрылыстан еш хабары жоқ адамға да анық білінеді. Қыруар қаржы бөлінген соң дұрыс сапалы аялдама орнату керек еді деген ой кім-кімді болмасын мазалайтыны анық. Қаусыраған аялдаманы қирату үшін тебудің немесе ұрудың қажеті де жоқ, жай ғана сүйенсең болғаны. Бүгінгі таңда Гринько және Бөген би көшелеріне орнатылған, №30 мектеп, «Автомобилист», «2-Трансформатор» аялдамаларының құр қаңқасы ғана қалған. Қалғандарының  да  қалі мүшкіл.

Сонымен тұрғындар сапасыз аялдама орнатқан әкімдік пен кәсіпкерге ренжісе, жергілікті билік халықты кінәлайды. Қалай болғанда да,  6 миллионға жуық қаржы жұмсалған аялдамалардың қазіргі жайы аянышты. Көпшілік мемлекет қаржысына салынған әрбір құрылыстың сапалы жүргізілгенін, халыққа пайдасы тигенін қалайды. Сондықтан кепілдемелік міндеттемелері болса,  аялдама орнатқан мердігер мекеме олқылықты жөндеуі  керек. Ал кент әкімдігі құзырлы құрылым  ретінде сол міндеттің  орындалуына  мүдделі  болуы  шарт.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале