5.12.2019, 17:38
Оқылды: 69

Бағаны өсіріп көрсетуге құштар

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінде 2018 жылдың және биылғы жылдың 11 айының қорытындылары бойынша мемлекеттік сатып алу саласында 54 сыбайлас (2018ж. – 30, 2019ж. 11 айында – 24) жемқорлық қылмысы тіркелген. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында аталмыш департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет бұл көрсеткіштің анықталған барлық сыбайлас жемқорлық қылмыстың (201) 27%-ын құрайтынын айтты.

rsk (2)

Сотқа 41 қылмыстық іс (2018ж. - 28, 2019ж. 11 айында – 13) жолданып, 10 тұлға сотталған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 475,8 млн. теңгені құрайды, оның ішінде мемлекетке 231,7 млн. теңге қайтарылған.

- Биыл 3 желтоқсанда Бөрлі аудандық соты «Бөрлі ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы Д.Ағеділовке қатысты үкім шығарды. Оған Ақсай қаласында тұрғын үй жалдауға бөлінген, сондай-ақ мемлекеттік мекеме үшін тауар-материалдық құндылықтарды алуға қарастырылған 2 779 000 теңге шамасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 3 жыл бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметке орналасу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындалды,- деді Н.Сәмет.

«Мемлекеттік сатып алудың мониторингін жүргізу жобасы туралы» тақырыбында өткен басқосуда мемлекеттік сатып алулар үрдісіндегі бірдей тауарлар мен қызметтерді алу үшін әр түрлі баға тағайындау тәжірибесі жайында айтылды. Мысалы, Қазталов ауылындағы 600 орындық мектеп құрылысына 2 349 267,06 мың теңге бөлінсе, Орал қаласындағы 900 орындық №51 мектеп құрылысы үшін 1 850 768,33 мың теңге бөлінген. Оның ішінде екі нысанды аббаттандыруға бөлінген қаражат арасындағы айырмашылық 93 млн. теңге. Сондай-ақ «Жайықжылуқуат» АҚ АИ-92 маркалы жанармайдың 1 литрін 138,4 теңгеден, Бөрлі әкімі аппараты осындай жанармайды 129,46 теңгеден, ал төтенше жағдайлар департаменті де тап сол жанармайды 151,79 теңгеден сатып алған.

Мұндай келеңсіз жағдай кеңсе тауарларын сатып алуда да кездеседі. Бір бума қағазды «Жайықжылуқуат» АҚ 1230 теңгеден, полиция департаменті 1071,43 теңгеден сатып алған. Н.Сәметтің айтуынша, сатып алынатын тауарлардың бағасын өсіріп көрсету заңсыздығы етек алған. Мысалы, М.Өтемісов атындағы БҚМУ бейнепроекторды 218 200 теңгеден сатып алған, алайда мұндай тауарды қазақстандық компаниялардың интернет дүкендерінен 153 000 теңгеге сатып алуға болады.

-Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат кешені сатып алынатын сандық фотокамераның техникалық сипаттамасында оны шығарушы фирмасының атауын қоса көрсеткен. Мұндай жағдай ашықтық пен жариялылықтың жоқтығынан, мемлекеттік сатып алу саласында қоғамдық бақылаудың болмауынан болуда. Осыған байланысты азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, мемлекеттік сатып алу саласында жемқорлық деңгейін төмендету, бизнес субъектілеріне әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында мемлекеттік сатып алудың мониторингі жобасы әзірленді, - деді Нұрдәулет Ілиясұлы.

Жоба мемлекеттік сатып алу саласында іске асырылады және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың барлық қызмет ету саласына қатысты болады. Жоба аталмыш департаментпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы стартегияның іске асырылуына сыртқы талдау жүргізу бойынша арнайы мониторингтік тобы мүшелерімен және қоғам өкілдерімен бірге іске асырылады. Жоба жетекшісі - Н.Сәмет, қосалқы жетекшісі превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы Г.Мырзақаева. Мониторингті жүргізу үшін жауапты қызметкер хабарландырулар мен көрсетілген мәліметтерді зерделейді. Сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің бағасының өсіріп көрсетілгенін анықтау үшін нарықтағы баға ұсыныстарымен салыстырады. Арнайы мониторингтік топ мүшелері мен қоғам өкілдері оқытуға және семинар-тренинг, дәріс ретінде мемлекеттік сатып алу саласы мамандары шақырылады. Сондықтан спикер барлық қоғам өкілдерін аталған жобаны іске асыруға белсенді қатысуға шақырады.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале