13.01.2017, 18:05
Оқылды: 36

Бағыты айқын бағдарлама

Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде аудан әкімдерінің орынбасарлары мен білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшыларының басын қосқан кеңес өтті. Түйткілді мәселелерді талқылаған кеңеске облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселеге сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы Бақытжан Биекова баяндама жасады. Ол ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №919 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты туралы кеңеске жиналғандар алдында толық түсінік беріп, сала мамандарының сауалдарына жауап берді.

-Үстіміздегі жылдан бастап елімізде тұрақты жұмыс орындарын ашуға күш салынатын болады. Сондай-ақ табысы төмен қазақстандықтарға жеке ісін ашу үшін де мемлекеттік қолдау жасалады. Мұндай мүмкіндіктер Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа бағдарламаның басты мақсаты – елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасай отырып, халыққа өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру. Аталған жоба табысы төмен ауыл халқының елеулі бөлігіне кәсіпкерлікте алғашқы қадамдарын жасауға және өздерінің бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жаңа бағдарлама жастардың мамандықты тегін игеруіне де жол ашпақ. Бұрын біз «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының шеңберінде уақытша жұмыс орындарын құруға басымдық берген болсақ, енді оқыту арқылы тұрақты еңбекпен қамтуға ден қоямыз. Ең бастысы, өз кәсібін ашуға мүмкіндік береміз. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен еліміз бойынша 106,5 мың адам (жылына 21,3 мың адам) қамтылатын болса, Батыс Қазақстан облысы бойынша 4 мың адам (жыл сайын 800 адамнан) қамтылатын болады. Қысқа мерзімді кәсіптік білім алуға ел бойынша 130 мыңнан астам адам тартылса, сіздің өңірден бес мыңға жуық адам алынбақ. Бағдарлама аясында азаматтарға  бірінші және екінші мамандықты тегін алып шығу мүмкіндігі беріледі. ҰБТ тапсыра алмаған 21 мың мектеп түлегі, оқу орнына түсе алмаған азаматтар, тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларды оқыту көзделген. Оқу ақысына, бір рет тамақтануға қаржы бөлінеді әрі стипендия қарастырылады. Аталған бағдарламаны табысты іске асыру сіздердің әрқайсысыңызға байланысты. Бұл бағдарламаның нәтижелі болуы әр саланың атқаратын жұмыс сапасына тәуелді болмақ. Сондықтан осындай үлкен жұмыста барлығыңызға жемісті еңбек тілеймін, - деді  астаналық бас сарапшысы Бақытжан Биекова.

Сонымен қатар кеңес отырысында облыс бойынша 2014-2016 жылдары білім беру ұйымдарында жүргізілген мемлекеттік аттестациялау қорытындылары және оқушылар арасындағы суицид мәселелері талқыға салынды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале