7.12.2017, 18:00
Оқылды: 57

Байқау жеңімпаздары марапатталды

24883108_774032116128208_765811689_o «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің Студенттер сарайында «Парасыз болашаққа. Бірге!» атты облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің, «Нұр Отан» партиясының және «Жаңару» жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының облыстық филиалдарының ұйытқы болуымен ұйымдастырылған шара 9 желтоқсанда аталып өтілетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық күрес күніне арналған.

-Қоғам мен БАҚ-тың белсенділігінің арқасында соңғы үш жылда еліміздегі сыбайлас жемқорлық деңгейі үш есеге азайды. Әсіресе, тұрмыстық жемқорлық көрсеткіші төмендеп келеді. Шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, оның алдын алу және мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мақсатында БАҚ-та мақалалар жариялап, телерадиохабарлар жасаған үздіктерді марапаттаймыз,- деді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин.

«Облыстық, қалалық және аудандық басылымдағы мемлекеттік тілдегі үздік материал» аталымы бойынша жүлделі бірінші орынды Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі Меңдігүл Фазылова жеңіп алды. «Облыстық, қалалық және аудандық басылымдағы орыс тіліндегі үздік материалдар» аталымында «Приуралье» газетінің тілшісі Жанна Балықова жеңімпаз атанды. «Мемлекеттік тілдегі үздік бейнеролик» үшін бас жүлдеге Сандуғаш Сәдуақасқызының еңбегі лайық деп танылыпты. Ал «Мемлекеттік тілдегі үздік радиохабар» аталымында бірінші орынға облыстық радионың журналисі Гүлжаз Баделова ие болса, «Орыс тіліндегі үздік радиохабар» аталымында да облыстық радионың журналисі Нина Павлычева топ жарды. Аудандық деңгейдегі мемлекеттік органдар арасында тағайындалған «БАҚ-пен байланыстағы үздік әріптестік» арнайы жүлдесімен Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімі марапатталды.

Оған қоса шара барысында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға ықпал етіп, тығыз әріптестік байланыс орнатқан мекеме-құрылымдардың басшылары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес тарағасы Болат Исақовтың алғысхатымен марапатталды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале