19.04.2019, 20:50
Оқылды: 77

Балауса ем алуға барады

Круглоозерный мектебінің ұжымы аталмыш ауылдың кішкентай тұрғыны Балауса Медеттің еміне қаржы жинау мақсатында «Жақсылықпен жүректі жылытайық!» атты концерт ұйымдастырды.

2

Қайырымдылық шарасына арнайы қатысқан Кругоозерный кентінің әкімі Кенесары Нұршиновтың айтуынша, 8 жасар Балауса Медеттің Самара қаласына барып, ем-дом алуына 300 мың теңге шамасында қаражат қажет болған екен. Ауыл тұрғындары, жергілікті мекеме-ұйымдар мен кәсіпкерлер, ауылдық округ әкімдігі және мектеп ұжымының бас біріктіруінің арқасында қысқа мерзім ішінде қажетті қаржы жиналып, кішкентай балғынның отбасына табысталуда.

– «Көп түкірсе көл» демекші, мектебіміздің 2-сынып оқушысы Балаусаның қиын жағдайына бейжайлық танытпай, ұстаздар мен шәкірттер қауымы болып көмек қолын созуды жөн деп шештік. Мектеп оқушыларының өнерлері ортаға салынған бүгінгі концертке кіру үшін билеттер сатылған болатын, сатылымнан түскен қаражат Балаусаның отбасына табысталды, – дейді Круглоозерный мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Таслима Құсайынқызы.

33

Кішкентай Балаусаның анасы Ботакөз Өтегенова қиын жағдайда қолұшын созған ауылдың барша тұрғынына аналық алғысын жеткізді. «Қызымның бірнеше диагнозы бар. Соның негізгісі – целиакия (асқазан-ішек жолдарының ас қорытатын түгінің жетілмей қалуы) бойынша арнайы диеталық тағам алуға ай сайын 40-50 мың теңге қаражат кетеді. Одан бөлек орталық жүйке жүйесінің зақымдалуы, дамуындағы ауытқушылықтар, гидроцефалия деген диагноздар қойылды. Осы кезге дейін екі рет емдеу курсына барып қайттық, нәтижесі көңіл қуантарлық. Қызымның бойынан оң өзгерістер байқалады. Балаусаның денсаулығын жақсарту үшін кем дегенде тоғыз ем-шара курсын алуымыз керек. Алдағы апта Самара қаласына кезекті ем-шара алу курсына қажетті қаражатты жалпы ауыл болып жинап берді. Осы іске үлес қосқан барша жанға алғысымды білдіремін, жасаған жақсылықтарыңыз сауапқа жазылсын!», – деп ризашылығын білдірді Балаусаның анасы.

Аяужан Кереева
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале