21.01.2021, 16:24
Оқылды: 2262

«Балаусалықтардың» билікке базынасы бар

Өткен аптаның соңында фейсбук  әлеуметтік желісінен Зашаған  кентінің «Балауса» және  «Болашақ» шағынаудандары  тұрғындарының Орал қаласының әкімі Абат  Шыныбековке жазған ашықхатын көзім шалды. Аталған хатта «Ақжол-Авто» ЖШС-на қарасты №7 және №6   аутобустары маршруттардың жүру  бағыты мен уақытын өзгертуді,  қарбалас сағатта (час-пик) адамның көптігіне байланысты қосымша аутобус шығаруды, жауапты мекеме өз міндетін тиісті деңгейде атқармаса, жолаушылар  тасымалдаушы мекемені  ауыстыруды талап еткен.

045B4C4A-60ED-4BC9-8EDF-9DF7AF0DB5A3

Бұған дейін де «Орал өңірі» газетінің тілшілері №7 маршруттың «бітпейтін жыры» туралы бір емес, бірнеше рет мәселе көтеріп, түйткілді жан-жақты зерттеп, мақалалар жазған болатын.

Әзірге жазылған жайттан қорытынды шықпай, мәселе сол күйі күйіп тұр. Тұрғындардың әлеужелідегі жанайқайын көре сала, дереу Зашаған кенті әкімінің міндетін атқарушы Аққали Әубекеровке хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Әкім де аталған мәселемен таныс екенін, жексенбі күні сол ауданның тұрғындарымен шұғыл кездесу өткізетінін де жеткізді.

Келісілген уақытта Зашаған кентіндегі «Agadyr» дүкенінің қасына талап-тілектерін айтуға жиылған шағынаудан тұрғындарына біз де қосылдық. Халықпен кездесуге уәде еткендей, Зашаған әкімі мен жолаушылар тасымалына жауапты  мекеме  басшылары  бірге  келді.

«Ақжолға» айтар арыз көп

Халық үніне құлақ түрсек, айтып отырған уәждері  жылдар бойы қордаланып, өзегі жарылған жарадай ушығып, әбден шегіне жеткен. Осылайша тұрғындар жеті жыл бойы түйткілдің түйінін дер кезінде шешпей, әуре-сарсаңға салған жергілікті билікке наразы. Олардың айтуынша, осы кезге дейін Орал қаласының әкімдігіне кенттің инфрақұрылымын дамыту және біріздендіру жөнінде бірнеше рет мәселе көтеріп, ұсыныстарын жеткізген. Соның бірі – Зашағанға қатынайтын аутобус мәселесі. Дәл қазіргі таңда «Балауса» шағынауданынан шығатын №7 аутобус екі бағытқа қатынайды. Біреуі Деркөл ауылына, екіншісі «Үміт» шағынауданына барады. Бұрын қала орталығына жету үшін кем дегенде 30-40 минут жүретін аутобус енді бір сағаттан астам уақыт айналып жүруге мәжбүр.

Оған Саратов күрежолы бойында жаңадан тұрғын үй кешендерінің бой көтеріп, халық санының күрт өсуі себеп болып отыр. Қала әкімдігі жаңадан берілген үйлердің тұрғындарының өтініші негізінде аялдамалардың санын көбейтіп, №7 аутобустың жүру маршрутын  одан сайын ұзартып жіберген.

– Бұл біздің жұмысқа баратын уақытымызды ұзартқаны былай тұрсын, таңертеңгі және кешкі қарбалас сағатта аутобусқа адам сыю мүмкін емес. Олар халықты үсті-үстіне тиеп алып, көп аялдамаға тоқтамай өте шығады. Келетін аутобусқа елеңдеп, аялдамада жарты сағаттап күтетін кездеріміз аз емес. Жаздың аптап ыстығы мен күздің қара суығында, қаһарына мініп тұрған қыстың саршұнақ аязында балабақша мен мектепке баратын бала тұрмақ, жасы үлкеннің  шыдауының өзі қиын. Ал жұмыстан қайтатын кешкі уақытта сағат 20.00-ден кейін аутобусты мүлдем көрмейсің. Амалдың жоқтығынан күн сайын таксиге мінуге мәжбүрміз. Осылай жүргенімізге бірнеше жылдың жүзі болды, – дейді өз ренішін білдірген шағынаудан  тұрғыны  Гүлшат  Ақашаева.

– Аутобустың айтысы Зашаған тұрғындарының ащы жанайқайы мен жанжарасына айналды. Жұмыстан күн сайын кешігіп, басшылықтан ұрыс естіп келеміз. Зашағанға №7 аутобустан басқа, №6 маршрут та қатынайды. Алайда «Рыбцехтан» шыққан маршрут біздің шағынауданға жетпей-ақ «аузы-мұрнынан шыққанша» адамға «тойып» келеді. Ол былай тұрсын, көліктердің іші өте салқын. Неге жылытпайды? Сондықтан жолаушылар тасымалымен айналысатын «Ақжол Авто» ЖШС-на  біздің нақты талабымыз бар. Біріншісі, маршрут санын көбейтіп, жүру уақытын жиілетсін. Кешкі жүру уақытын 22.00-ге дейін ұзартсын. Олай болмаса, бәсекелес болатын өзге маршрутты «линияға» шығарсын. Екіншіден, «Үмітке» баратын аутобустың жолын облыстық балалар ауруханасынан кейін «қазақ ауылын» айналмай, тұп-тура Х. Доспанова атындағы №30 мектеп аялдамасына шығатындай етіп қысқартсын. Бұл ертемен қала орталығына қатынайтын тұрғындарға да әрі қалған аялдамалардан мінетін жолаушыларға да қолайлы болар еді. Үшіншіден, «ПАЗ» және «ГАЗель» көлігін үлкен аутобуспен алмастырсын. Ендігі ұсынымыз полиция департаменті аялдамасына келіп тоқтайтын №8 немесе №1 маршрутты «Болашақ» пен  «Балауса» шағынаудандарына кіргізуді ұйымдастырсын, – деді зашағандық Серікболат Елеусіз. Ол қойған талаптардан нәтиже шықпаса, жоғары жаққа шағымданатындарын  ашық  жеткізді.

№7 аутобустың 70 аялдамасы бар

Ал тұрғындардың өтініштерін тыңдауға келген «Ақжол Авто»  ЖШС басшысы Эльдар Вагапов зашағандықтардың аутобус тасымалына қатысты айтылған кейбір талаптар бойынша  келіспейтіндерін жеткізді. Қордаланған мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін биыл қосымша су жаңа 20 көлік (10 көлік №6-маршрут, 10 көлік №7 аутобусқа бөлінеді) алуды жоспарлап отырғанын да атап өтті.

– Біріншіден, қазіргі таңда №7 аутобус тоқтайтын 70 аялдама бар. Пандемияға дейін арасы 6 минуттан 32 аутобус «линияға» шығатын. Қазір содан 24 аутобус қалып, арасы 8 минутқа ұзарды. Сенбі-жексенбі күндері адам санының аздығына байланысты әрі техникалық тексеруден өтетіндіктен, көліктер саны шектеледі. Зашағандағы аялдамалар кей жерлерде тым жиі, арақашықтығы 200 метрге жетер-жетпес.

Жаңа аялдама салынғаннан кейін ескі аялдамалар сол күйі алынбай қалған. Сәйкесінше тұрғындар өздеріне ыңғайлы кез келген жерден түсіп-мінуге құқығы бар.  Ал ережеге сәйкес аялдамалардың арасы 300-400 метрден кем болмауы тиіс. Екіншіден, қозғалыс жиілігіне қатысты мәселені бұдан бұрын реттеп, қоғамдық көліктеріміздің бәрін JPS жүйесіне қостық. Ұялы телефоннан маршруттардың жүру сызбасын қадағалап отыратын infobus қосымшасын жүктеп алып, кез келген маршруттың қай жерде келе жатқанын қадағалап отыруға болады. JPS жүйесіне қосылған аутобустар өздерінің жүру бағытын өзгертуі тіпті мүмкін емес, олар тек берілген нұсқаулық бойынша жүреді. Ал №6 маршуртқа қатысты айтар болсам, көліктер саны едәуір азайды. Жүру жиілігінің арасы кей уақытта 50 минутты құрайтынын еш жасырмаймыз. Өйткені аутокөлік иелері елдегі пандемияға орай тұрақты табыс көзінен айырылуына байланысты жұмыстан шығып, көліктерін сатып жіберді. Үшіншіден, біраз аутобусты жаңалау үшін «ПАЗ-дарды» азайтып, «Daewoo» аутобустарын көбейттік. Өкінішке орай, бұлар соляркамен жүретін дизельді көліктер болғандықтан, өздігінен тез жылыту мүмкіндігі жоқ, – деген «Ақжол Авто» ЖШС басшысы аутобустың жүру жиілігін арттыру мақсатында бәсеке болатын қосымша аутобус сұрау қисынсыз екенін, оның орнына ескі аялдамалардың санын азайту керектігін алға тартты. Сондай-ақ №7 аутобустың жолына жаңадан қосылған көшелерде асфальт төселмегендіктен, алдағы көктемде басымыз тағы дауға қала ма деген қорқыныштарын да жасырмады. Сондықтан тез арада жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, нақты шешу жолдарын қарастыруды ұсынды.

Аялдама атауынан ат үркеді

Тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ ассақ, бәрі орынды. Нақты әрекет жасап, мәселелерді шешетін уақыт баяғыда жеткен. Зашағанда жаңадан тұрғын үйлердің бой көтеруіне байланысты аялдамалар саны көбейіп жатқанымен, олардың атауларының атын атауға ұяласың. Түгелге жуық қазақтар қоныстанған ауданда «І трансформатор», «ІІ трансформатор», «Поворот», «Конечный», «Старый конечный», «Автомобилист», «Цветочный», «Киевский», «Талдысайский», «Киоск», «Телефонный» деген атаулар бірінен соң бірі жалғасып кете береді. Осыны алға тартқан зашағандықтар әкіммен кездесуде аялдама атауларын қазақшаландыруды да ұмыт қалдырмады.

– Кент көшелеріне Т. Айбергенов, Р. Қошқарбаев, Есет батыр, Шолан батыр, Сабыр Рахимов, Б. Құлманов, Жұмыр қылыш секілді ұлы тұлғалардың есімдері берілгенімен, аялдама атауларының сыйқы мынау. Неге қазақша көше атауларымен аталмасқа? Болмаса, көңілге қонымды балама атаулар ұсынылсын.

Бұдан бөлек көшелерде қоқыс контей нерлері жоқ. Болса да, олардың арасы өте алыс. Үйден шыққан тұрмыстық қалдықтарды жаяу жүріп тасу мүмкін емес. Осы орайда біздер заңды түрде қатты қалдықтар үшін ақша төлеп отырмыз, бірақ неге контейнерлер жоқ деген орынды сауал туындайды. Судың да мәселесі өзекті. Жаздыгүні тамшылап ағады, қажетімізге пайдалана алмаймыз. Жарық та  жиі сөнеді. Көп көшеде жарықшамдар жоқ. Айта берсең, кентте қордаланған мәселелер өте көп. Бюджеттен бөлінетін қаржы М. Мөңкеұлы көшесін ғана абаттандыруға кетеді. Неге «Балауса» мен «Болашақтың» игілігіне жетпейді?

Бұл жақта бірде-бір дәріхана жоқ. Беймезгіл уақытта бас ауырып, балтыр сыздай қалса, қалаға шабамыз.  Көп көшеде жол жоқ, қыста қар, көктем-күзде балшықта жүру қиындық туғызады. Жолдарға асфальт төселгенге дейін тым құрығанда тротуарлар салынса екен. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын «Балауса» шағынауданынан салынады деп уәде етілген мектеп біздер үшін қол жетпес арманға айналып тұр. Бұл туралы сіздерден нақты жауап күтеміз, – деді кент тұрғыны  Нұргүл  Жұбатова.

Әкім уәдесінде тұрса игі...

Тұрғындармен кездесуге келген Зашаған кенті әкімінің міндетін атқарушы Аққали Әубекеров халықтың уәжінің орынды екенін айтып, ортақ шешім шығару үшін бір мәмілеге келіп жұмыс жасауды  ұсынды.

– Мен жазған хаттарыңызбен толықтай таныстым. Түйткілді сіздермен бірге шешу үшін осы ауданның тұрғындары құрған уатсап желісіндегі топқа  қосылдым. Алдымен түбегейлі зерттеп, қай жерден қателіктер кеткенін сараптап, тұрғындардың талап-пікірлерін ескере отырып, ортақ шешімге келетін боламыз. Ұсыныстарыңызды Орал қаласының әкімдігіне, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне жедел түрде жеткіземін. Алдағы уақытта аулаларды абаттандыру, көшелерге жарықшамдар орнату, жолға асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолын, балалар алаңдарын салу, қоқыс контейнерлері мен жарықшамдар орнату бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғасын таба береді. Тұрғындар мен «Ақжол Авто» арасында дау тудырған аутобус мәселесі қала әкімдігімен бірлесе шешілетін болады. Бұл мәселе тек «Болашақ» пен «Балаусаға» ғана емес, Зашағанның «Көктем», «Сарытау», «Құс фабрикасы» аудандарына да тән. Ал жоғарыда аталған екі ауданда дәріхананың жоқтығы расымен қиын жағдай. Мұндай кәсіп түрін ашуға  мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейтіндіктен, алдағы уақытта жеке кәсіп иелерін осы аудандарда дәріхана ашу туралы ұсыныс беріп көреміз, – деп сөз түйді әкім мырза. Сондай-ақ  алдағы бір-екі жылда қос мектептің қатар бой көтеруі де ғажап емес. Қазіргі таңда білім ошағының жобалау құжаттамалары мақұлданып, қаржыландыруды ғана күтіп  тұр  екен.

Түйін

«Балауса» және «Болашақ» шағынаудандары тұрғындарының жергілікті билікке айтар базынасы осындай. Тәуелсіздікке қол жеткізген 30 жыл ішінде еліміздің экономикасы дамып, халқымыздың өмір сүру деңгейін едәуір артқаны да шындық. Ал аталған шағынаудан тұрғындары елдегі кейбір игілікке қол жеткізе алмай, «ащы» дауыспен айқай салғандары да орынды секілді. Қарапайым тұрғындардың уәжін 2 сағаттан астам уақыт бойы тыңдаған жергілікті билік өкілдері қордаланған түйткілдерді көп ұзатпай шешуге ниетті екендіктерін айтты. Тұрғындар да берілген уәделердің орындаларына үміттерін үкілеп, үйлеріне тарқасты. Біз де билік пен халықтың арасында өрбіген ашық диалогта айтылған түйткілдердің көп ұзамай шешімін табарына сенгіміз-ақ келеді. Әліптің артын бағайық, ағайын!

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале