8.02.2018, 10:41
Оқылды: 78

Балбалтас

Батыс Қазақстан облысының аумағында осы кезге дейін сақталған тас ескерткіштердің ең көнесі – Дәуқара батырдың құлпытасы деген пікірде келген едік.

Тарихта жауынгерлігімен аты мәлім кіші жүз Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батыр құлпытасындағы «Байбақты руғы Алтак(е) тайфасының Андас нмрасі Қарақожаның баласы Дәуқара батр офат болды 64 йаснде 1751 йлде бұ тасны қойды Байғабл Аблай (Елан?!) Құдас (құдасы?!)» деп жазылған мәтінді кирилл қарпіне аударған белгілі өлкетанушы-журналист Қазбек Құттымұратұлы болатын. Әрине, араб эпиграфикалы ескерткіштің осыдан көнесі өңірімізде әлі күнге табыла қойған жоқ. Алайда XIX ғасырда белгілі этнограф-ғалым Мұхамедсалық Бабажанов уақыты жағынан құлпытастардан да көне тасмүсіннің бірін осы күнгі Бөкей ордасы ауданының аумағынан тауып, оны Петерборға асырғаны көзі қарақты оқырмандарға, өлкетанушыларға жақсы мәлім. Ал одан өзге тағы бір көне тас ескерткіш XX ғасырдың екінші жартысында Зеленов ауданынан табылса да, ол жайында осы уақытқа дейін ешбір басылым бетінде жазылмаған екен. Аталмыш ескерткіш тасты топырақтан аршып, қазып алу жұмыстарының басы қасында болған сол кездегі облыстық музей қызметкері, кейін облыстық өлкетану музейін жиырма төрт жыл басқарған, бүгінде музей ісінің ардагері Сара Танабаевамен аталмыш тақырыпта әңгіме өрбіткен едік.

– Қателеспесем, тасмүсінді Дариян ауылынан он шақырымға жуық қашықтықта, Январцев ауылы бетінде жатқан жерінен қазып алдық. Өйткені «Дариянның оңтүстік-батысында» деген сөз еміс-еміс есімде қалған. Ол тастың табылғанына да елу жылға жуық уақыт өтті ғой. 1950-1975 жылдар аралығында облыстық музей директорының орынбасары қызметін атқарған Николай Шишкин аса білікті өлкетанушы еді. Топыраққа көміліп, айдалада жатқан балбалтасты музейге алып келген сол кісі болатын. Мәскеудегі орталық атқару комитетінің партия мектебінде оқыған ол Ұлы Отан соғысы жылдарында жоғары шенді офицер болған. Алайда соғыста тұтқынға түскендіктен, амал жоқ, біздің облыстық музейге келіп қызмет еткен. Әрине, сол кезде үш-ақ адам қызмет ететін, «алтын шіркеу» ғимаратында орналасқан музей Николай Петровичтің дәрежесіне сай жұмыс емес еді. Оның өлке тарихы туралы танымдық мақалалары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жарық көретін. 2000 жылы Жайық қалашығы табылған кезде Орал қаласына ортағасырлық қалалар тарихының маманы, академик Карл Байпақов келді. Академик сол жолы біздің облыстық музейдің қорын көргенде таң қалды. Сөйтіп зерттеуге бөлінген ақшадан Батыс Қазақстан облыстық музейінде сақталған жәдігерлер қоры негізінде «Батыс Қазақстанның археологиялық қазыналары» атты кітап жарық көрді. Зеленов ауданынан табылған көне тасмүсіннің суреті аталмыш кітапқа енді. Археология тақырыбында шыққан кітапты қуанып, Самара, Саратов музейлеріне де табыстадық. Сонда Саратов музейінің директоры өздерінде сақталған экспонаттардың біздің музей экспонаттарымен бірдей екенін айтты.

Олай болуы түсінікті де, өйткені ол музейлерде сақталған жәдігерлердің бәрі біздің жерімізден табылған. Және ол жерлер бір кездері бабаларымыз мекен еткен кең байтақ даланың бір бөлігі ғой. Кейін аталмыш музейге барғанымызда, оның іші-сыртында балбалтастардың үйіліп жатқанын көрдік. Балбалтастар Самара музейінде де бар екен. Одан бұрын 1970-80 жылдары Мәскеудегі тарихи музейге жиі барып жүрдік. Сол музейге кіреберістен де балбалтастардың үйіліп жатқанын көретінбіз. Әрине, сол тастар ұланғайыр далада қойылған қалпында самсап тұрса, ол жерлердің түркінікі, яғни біздікі екеніне айқын дәлел болар еді. Өйткені орыстар балбалтас қоймаған, – дейді Сара Есқайырқызы. Оның айтуынша, облысымызда сақталған көне тасмүсін жалғыз бұл емес.

– Орал қаласындағы негізі 1836 жылы қаланған өлкетану музейінде жәдігер ретінде сақталып келген тағы бір балбалтас бүгінде Зеленов ауданы Дариян ауылындағы М. Шолохов мемориалдық музейінде тұр. Өкінішке орай, әуел баста ол ескерткішті кім, қайдан тапқаны белгісіз. Өйткені аталмыш музейдегі бірде-бір экспонаттың тарихы сақталмаған. Сол музейдің ізінде құрылған облыстық өлкетану музейіндегі жәдігерлер тарихы тізімделетін кітап басшылық қызметке Николай Шишкин келгеннен кейін, 1951 жылдан бастап қана жүргізіле бастаған. 2000 жылы Зеленов ауданындағы Шолохов музейін жасақтаған кезімізде сол кезде табылып жатқан көне Жайық қалашығының үлгісін жасадық. Шағын қоршау жасап, ішіне қыпшақ даласының белгісіндей етіп, тамырымен әкеліп жусан отырғыздық. Қабырғаны жағалата Жайық қалашығының орнынан табылған кірпіш, ескі құмыраларды қойдық. XIX ғасырдан бері музейде сақталып келген, ортасынан қақ бөлінген балбалтасты апарып, үстіне қыран құстың тұлыбын қондырдық. Ортасынан сынған тас арқылы ұлттың рухын, қиратылған, бұрмаланған, ақырында ешкімге керексіз болып ұмытылуға айналған мәдениеті мен тарихын көрсеткіміз келді. Сондағы ойымыз – бұл жердің қадым замандардан бері ата-бабамыз жайлаған атамекен жұртымыз екенін ұқтыру болды. Әйтпесе, «Дариян – Оралдан да бұрын пайда болған казак форпосы» деген желеумен тарих шындығы бұрмаланып келді. Ал шын мәнінде біздің өлкеге казактардың келуінен бірнеше ғасыр бұрын да, кейін де бұл жерлердің түркілерге, біздің ата-бабаларымызға тиесілі болғаны еш күмән туғызбайды. Балбалтастың өзі осы аумақтан табылып отыр. Тіпті Дариян деген атауынан да түркілік леп есіп тұрған жоқ па?!

Дария деп жайылып кеткен суды айтады. Ал Дариян – Жайықтың жайылатын тұсы. Бұл жерден о заманнан бері қарай түркі жұрты үзілмеген, – дейді Сара Танабаева.

Жоғарыда аталған «Батыс Қазақстанның археологиялық қазыналары» атты кітапта Зеленов ауданы аумағынан табылған тасмүсін суретінің тұсына «Тас мүсін. Б.д.д. VI-V ғғ.» деп жазылыпты. Бұл кезеңнің бүгінгі Батыс Қазақстан аумағын мекендеген сармат тайпаларының дәуіріне жататыны тарихтан белгілі. Мақаланы жазу барысында аталмыш ғылыми еңбектің жарық көруіне тікелей мұрындық болған тарихшы ғалым Карл Байпақовпен телефон арқылы тілдесіп, көне ескерткіштің сармат дәуіріне жатқызылу себебін сұраған едік.

– Тасмүсіннің сақталу деңгейі өте нашар. Беті соғылған, жалпы пішіні де бүліне бастаған. Оның үстіне тасмүсін иығының тікбұрышты болып келуі – оның түркілік балбалтастардан да тым көне екендігін, яғни сармат дәуірінің ескерткішіне жататындығын айғақтайды. Жауынгерге, батырға қойылған белгі деп болжаймыз.

Б.д.д. IV-II ғасырлардың туындысы болуы да мүмкін. Ал тарихта түрік дәуірінің біздің заманымыздың VI-VIII ғасырларынан бастау алатынын ескерсек, Зеленовтан табылған ескерткіштің түркі кезеңімен салыстырғанда шамамен мың жылдай көнелігі бар екенін шамалауға болады, – деді академик Карл Байпақов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале