14.09.2017, 13:11
Оқылды: 30

Баспасөз тарихына қатысты жаңа сайт ашылды

Бүгін батысқазақстандық қос басылымның 100 жылдығына орай ұйымдастырылған "Ғасырлық ғұмыр" атты республикалық ғылыми-тəжірибелік конференциясында "1911.kz" сайты таныстырылды. Енді оқырмандар қос газеттің 100 жылдық тарихын «Баспасөз тарихы» сайтынан көре алады.

Сайт 5 бөлімнен тұрады. «Тұлғалар» бөлімінде «Қазақстан» газетінің шығарылуына қаржылай жәрдемдескен Зейнел-Ғабиден Тағиевтен бастап Шəңгерей Бөкеев, Елеусін және «Орал өңірі» газетінде бүгінде қызмет ететін азаматтар туралы деректер берілген.

Сайтта «Қазақстан», «Ұран», «Хабар-Известия», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» газеттерінде әр жылдары шыққан мақалалар топтастырылған.

«Мұражай» бөлімінде жазу машинкалары, журналистердің жеке заттары, төсбелгілер, фотоаппараттар, қаламдар, басқа да жәдігерлердің фотосуреттері берілген.

Сурет галереясы бөлімінде «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде әр жылдары қызмет еткен аға буынның сирек кадрларын көре аласыз.  Әсіресе, екі суретті атап өтуге болады. Оның бірі - 1927 жылы 21-25 қаңтар аралығында Орал қаласында «Қызыл ту» мен «Красный Урал» басқармаларының жанында болған жұмыскер, ауыл және поселке тілшілерінің губернелік тұңғыш тобы» атты мәжілісі кезінде түсірілген екен. Мәжіліске «Красный Урал» газетінің 55, «Қызыл ту» газетінің 20 тілшісі келгендігі айтылады. Осы арада тілшілерге тапсырмалар берілген. Айта кету керек, тілшілердің қауіпсіздігі үшін олардың есімдері жазылмаған, лақап аттарымен көрсетілген. Екінші сурет те 1927 жылы түсірілген. Бұдан Тамимдар Сафиев сияқты көп естеліктер қалдырған тұлғаларды көре аламыз. «Бейнеқор» бөлімінде Алаштың «Ұраны» деректі фильмі , «Қазақстан» фильмі орналастырылған.

- 100 жылдық мерейтой қарсаңында «1911.kz» сайты іске қосылып, газеттердің тарихы туралы ғаламтор пайдаланушыларға қажет ақпараттар топтастырылды. Енді газеттерге қатысты ақпарат алам деушілер әлемнің әр жерінен өзіне қажет дүниені сайт мәзірінен жүктеп немесе таныса алады, - деді "Жайық Пресс" ЖШС бас директоры Ж.Сафуллин.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале