28.02.2017, 16:42
Оқылды: 36

«Бастау Business» жобасына бес аудан қатысады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифингте Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қайыршин айтты.


Оның айтуынша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру шеңберінде жобаға Зеленов, Ақжайық, Теректі, Казталов және Жаңақала ауданы қатысады. Бұл жоба кәсіпкерлік қызмет арқылы аудан халқын жұмыспен қамтамасыз етуге бағытталған. Оқыту аяқталғаннан кейін ең табысты бизнес жобалардың авторлары жеңілдікті несие беру бағдарламасының қатысушылары қатарына қосылады.

- БҚО кәсіпкерлер палатасының бастауымен 2016 жылы 304 кәсіпкерлік нысан өздерінің жобаларын іске асыру үшін жалпы сомасы1 664 743 500 теңге қаржы алды. 228 кәсіпкерлік субъектісі жұмысын бастады. Сондай-ақ  8 инвестициялық жобаға бизнес жоспар дайындалып, оның 4-еуі мемлекеттен қолдау тапты,-деді Нұрлан Қайыршин былтырғы атқарылған жұмыстар жайлы.

Айта кетейік, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, облыс әкімдігі және өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірігіп аудандарда микрокредиттік жобасын жүзеге асырмақ. Бұл жоба бойынша ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті әкімдік пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ әрқайсысы 300 миллион теңгеден қаражат шығармақ. Жиналған 600 миллион теңге өз кәсібін жаңадан бастаған ауыл кәсіпкерлеріне 7 пайызбен несиеге берілмек. Кәсіпкерлерге берілетін несие көлемі 17 миллион теңгеден аспауы керек. Бұл ретте кәсіпкерлер ауылдағы саман үйлерін, техникаларын және басқа да құнды заттарын кепілдікке қоюы тиіс.

                  zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале