13.12.2016, 14:18
Оқылды: 59

Батысқазақстандықтарға мемлекеттік наградалар табыс етілді

marapat-1Бүгін Салтанат сарайында Елбасы Жарлығымен марапатталған азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етілді.


Салтанатты шарада облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, тәуелсіз еліміздің одан әрі өркендеп, алға басуына өз еңбегін сіңіріп, қомақты үлесін қосып келе жатқан адамдар қай салада да аз емес. Еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы Жарлығымен марапатталып отырғандардың қай-қайсысы да құрметке лайық.

«Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес мемлекеттік наградаларды табыс етіп отырмыз. Марапатталғандар арасында әлеуметтік сала қызметкерлері, кәсіпкерлер, шаруа адамдары бар. Тәуелсіз еліміздің қарыштап дамуы үшін олардың алдағы уақытта қажырлы еңбек етері анық. Ең бастысы, Елбасымыз үнемі айтатынындай, ортақ мақсат жолында біріге білейік. Елдігіміз бен бірлігіміз мықты болсын», - деді әкім.

marapatЖиынға қатысқан ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев батысқазақстандықтарды Тәуелсіздіктің торқалы тойымен құттықтап, еліміз осы жылдар ішінде толағай табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

«Ақ Жайық өңірінде азаттық үшін жанын қиған Исатай мен Махамбеттей батырлар баршылық. Қазақтың ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтің айтқанындай, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың тәуелсіздікке қолы жетті. Бабаларымыздың аңсаған арманы орындалды. Өз алдына бөлек ел болған Қазақстан Елбасымыздың бастауымен қарыштап дамып, бүкіл әлем таныған мемлекетке айналды. Осының бәрі - Елбасы саясатының нақты нәтижесі, ел бірлігінің жемісі», - деді министр.

Бұдан кейін өңір басшысы мен Ақпарат және коммуникациялар министрі мемлекеттік наградаларды тапсырды.

«Парасат» орденімен Теректі ауданындағы «Ақас» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Қатауолла Ашығалиев, Зеленов ауданынан «Матевосян» ШҚ басшысы Александр Матевосян, еңбек ардагері Төлеген Мерғалиев марапатталды. «Құрмет» орденін белгілі айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижеры әрі көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетов, «ҚПО б.в.» компаниясы бас директорының орынбасары Марат Кәрімов, Зеленов ауданынан «Киргенев» ШҚ басшысы Қайыржан Киргенов  және басқалар иеленді.

Тағы бір топқа үшінші дәрежелі Еңбек даңқы ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы табыс етілді.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале