26.07.2018, 19:03
Оқылды: 30

Батыс Қазақстан облыстық қос басылымның шыға бастағанына 101 жыл толды (СУРЕТ)

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің жарық көре бастағанына 101 жыл толуына арналған салтанатты кеш өтті.

Шара басталған сəтте жиналғандар назарына «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері туралы бейнеролик ұсынылды. Қолдарында ескі газеттер ұстап, сахнаға шыққан алты бас редактор дың басылымның өткен ғасырдың өздері басқарған жылдарындағы жай-күйі туралы монологтары көрерменді сол кезеңге жетелегендей əсер қалдырды.
Бастауында Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғыман Манаев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев сынды өз заманының озық ойлы тұлғалары тұрған, ғасырдан астам тарихында қилы заманның аумалы-төкпелі өткелдерінен сүрінбей өтіп, өзінің 101-ші белесін бағындырып отырған қос газетті Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтап, бір топ журналистке Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің арнайы марапаттарын табыстады. "Приуралье" газетінің бөлім редакторы Лучия Курарару, радио журналисі Әуес Орынаева Ақпарат саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды. Министрлік Құрмет грамотасымен "Орал өңірі" газетінің бөлім редакторы Нұрбек Оразаев марапатталды.

-Қос басылымның бастауы Алаш қайраткерлері жиылып, Алаш мемлекетінің қазығын қаққан кезеңмен сәйкес келеді. Басылымды сол заманның тәбәрігі десек болады. 101 жылда еліміздің көптеген ақын-жазушылары осы газеттерде еңбек етті. Талай алмағайып заманды бастан өткерген газеттер Тәуелсіздік кезеңіне де жетті. Тәуелсіз Қазақстанның әр қадамынан халықты хабардар етіп отырды. Басылымдарымыз ғұмырлы болсын!- деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов Ақ Жайық өңіріндегі ақпарат саласының басты бағдаршамы болып жүрген «Орал өңірі» және «Приуралье» басылымдарының ұжымын бүгінгі мерекемен құттықтап, бір топ қызметкерлерді Алғыс хат және қаржылай сыйақылармен марапаттады.

-Осыған дейін қос газеттің 47 мыңдай нөмірі жарық көріпті. Әр нөмірінде аға буынның қаншама қажыр-қайраты, азап-мехнаты мен табандылығы, жанкештілігі, талайлы тағдыры жатыр. Сондықтан мұндай мерекені жыл сайын атап өтсек те ешқандай артықтығы жоқ деп білемін. Сол саңлақтар салған сара жолды әріптестеріміз абыроймен жалғастырып келеді. Ендеше төл мереке құтты болсын! Қалам қуатының қасиетін аманат деп біліп, әрдайым халыққа адал қызмет ете берулеріңізді тілек қыламын! - деді Рауан Сәбитұлы.

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері егемендіктің елең-алаңындағы қиын-қыстау кезеңдегі «Орал өңірі» газетінің өмірінен сыр шертетін көріністі қойылымды шынайы бейнелеп берді. Нұрсұлтан Мықтыбайдың «Ол – журналист...» монологы да бүгінгі таңда үлкен жүкті арқалап жүрген қаламгерлердің бет-бейнесін ашып, ішкі толғанысын жеткізе білді.
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында "Орал өңірі" газетіне басшылық жасап, жабылудан аман алып қалған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қадірменді ақсақал, ардагер журналист Мәжит Қайырғалиевтің иығына шапан жабылып, құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің қазіргі бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин мен Роза Сыйқова да ақжарма тілектерін жолдады.
Шараға арнайы келіп, ақ батасын берген қос газеттің төл құрдасы - 101 жастағы Қамида Бәлтеменқызы Несіпова әжеге лайықты сый-құрмет көрсетілді.
Кеш барысында сырымдық әріптесіміз, республикаға танымал айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы қос басылымға арнаған жырын төксе, жас әншілер Жасқайрат Валиуллиев, Құдайберген Сұлтаниязов, Жұлдыз Мамедова, Аманжол Сатқанбаевтар əсем əннен шашу шашты.

zhaikpress.kz

Сурет: Айбатыр Нұраш

PRI_0129

PRI_0155 PRI_0150

PRI_0177 PRI_0183 PRI_0185 PRI_0207 PRI_0217 PRI_0222 PRI_0224 PRI_0225 PRI_0226 PRI_0234 PRI_0250

PRI_0268 PRI_0280 PRI_0282 PRI_0286 PRI_0302 PRI_0139 PRI_0142 PRI_0145 PRI_0146

PRI_0110 PRI_0259 PRI_0264

PRI_0295

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале