20.02.2020, 18:25
Оқылды: 177

Батыс Қазақстан облысында діни ахуал тұрақты

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі брифингі алаңында облыстық дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы  Арман Нұрахметұлы мен облыстық дін істері басқармасының дінтану сараптамасы, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің бас маманы  Жәнібек  Мұқаделов өңірдегі діни ахуал және халықтың діни сауатын көтеру саласында атқарылып жатқан істер туралы  баяндады.

Din 1

Өңірімізде дін саласында 15 үкіметтік емес ұйым және 130 адамнан тұратын 14 ақпараттық-түсіндіру топтары қызмет етеді. Арман Нұрахметұлы бүгінгі таңда облыс аумағындағы діни ахуал тұрақты екендігін, дінаралық қақтығыстар орын алмағандығын атап өтті.

Осы кезге дейін интернет кеңістігі мониторингі нәтижесінде діни сипаттағы деструктивті 1180 материал бұғатталған. Өңірдегі жалпы білім беретін мекемелерде түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде соңғы оқу жылында  оқушылардың діни киім кию (хиджаб) фактілері тіркелмеген. Ал бұған дейінгі бұл көрсеткіш 2017-2018 жылғы оқу жылының басында 162 фактіні құраған.

2019 жылы облыс бойынша  діни қарым-қатынастар саласында 16 заңбұзушылық фактілері тіркелсе, 4 әкімшілік іс облыстық дін істері басқармасы, 12 іс БҚО полиция департаменті тарапынан қозғалған. Жыл басынан бері 2 әкімшілік құқықбұзушылық іс тіркелген. Құқықбұзушылықтың басым бөлігі – діни әдебиеттерді рұқсатсыз тарату, ел аумағында тыйым салынған экстремистік материалдарды өз әлеуметтік парақшаларында орналастыру және тіркелмеген діни қауымдардың қызмет атқаруынан болған. Экстремизм баптары бойынша 30-ға жуық азамат  сотталып шыққан. Сонымен қатар «Жусан» операциясы арқылы елге оралған азаматтарды қоғамға бейімдеу, оларға әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жүргізіліп жатқандығы айтылды. Мәліметке сүйенсек,  террористік белсенді аймақтардан 116 адам, оның 3-уі ер, 30-ы әйел, 87 бала елге оралған. Қазіргі таңда олардың 90 пайызы Орал қаласында тұрып жатыр.

Ләззат ШАҒАТАЙ

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале