26.05.2020, 21:56
Оқылды: 2373

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңір тұрғындарына үндеу жариялады

eskaliev

Құрметті батысқазақстандықтар!

 Төтенше жағдай кезінде облыста коронавирустың алдын алу және оны таратпау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Аймақта карантин режимі сақталғанымен, кейбір азаматтар өз қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтамай жүр.

Нәтижесінде 11-ші және 25-ші мамыр аралығында облыста COVID-19 ауруын жұқтыру 70%-ға өсті. Бүгінгі таңда облыс бойынша жұқтырғандар саны 467-ке жетіп отыр.

Егер бұрын аурудың өсімі Ресей Федерациясы мен Атырау облысынан келген адамдар есебінен болған болса, бүгінде індеттің облыс ішінде өсімі байқалады.

Сонымен қатар, Орал қаласы мен аудандарда карантиндік режим талаптары сақталмай отыр. Бірінші кезекте тұрғындар маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты қарапайым талаптарды орындамай жүр.

Бір-біріне қонаққа, садақаға бару сияқты қатаң құқықбұзушылық фактілері де бар. Соның кесірінен облысымыздың 8 бірдей ауданында 37 ауру ошағы пайда болды.

Бүгінгі таңда аймақта ауру жұқтырған адамдарды анықтау үшін жаппай арнайы тестілеу өткізілуде. Күніне орташа есеппен 600-700 адам тест тапсыруда. Олардың арасында инфекцияны жұқтырғандар да кездеседі.

Бұл - инфекцияның облыс аумағында кең ауқымда тарағанының белгісі. Көп адамда коронавирус жұқпасы айқын ауру белгілерінсіз өтуде.

Аурудың айқын белгілері болмауының қауіптілігі - жұқтырған адам ​​инфекция көзі болады. Инфекция жұқтырған адам ауру туралы білмей, басқаларға жұқтыруы мүмкін. Бұрын тек жасы үлкен адамдар ғана инфекция жұқтыру қаупі жоғары деген қате түсінік қалыптасқан еді. Бұл - теріс пікір. Қазір аталған ауру жас таңдамайтынына көзіміз жетіп отыр.

Бүгінгі таңда облыста тіркелген 467 жағдайдың 21-і он төрт жасқа дейінгі балалар болса, ал қалған басым бөлігі 50 жасқа дейінгі азаматтарда тіркеліп отыр. Сондықтан, жасы мен денсаулығына қарамастан бұл аурудан төнетін қауіп барлығына бірдей.

Кейбір азаматтар коронавирус бар екеніне сенбей жүр. Бұл мүлдем дұрыс емес. Вирустың қауіптілігі - оның кейбір адам ағзасына өте тез әсер етуінде. Мысалы, Теңіз кең орнында қызмет еткен азамат 2 күннің ішінде реанимацияға түсті. Бірақ біздің дәрігерлер еңбегінің арқасында оны өлім ауызынан құтқарып алдық.

Сондықтан, коронавирустық инфекцияның белгілері анықталса, тез арада жедел жәрдемге хабарласу қажет. Өздігінен емделуге болмайды.

Вирустың көбеюіне байланысты біз көптеген бизнес нысандарды, балабақшаларды, басқа да ойын-сауық орындарды аша алмай отырмыз.

Нәтижесінде мыңдаған отбасы несиелерін төлей алмай, тауарларын сата алмай шығынға батып отыр. Біз оларға тезірек жұмысқа оралуына, еңбек етуіне және отбасыларын асырауға мүмкіндік беруіміз керек.

Карантин режимін жеңілдету туралы шешім қабылдау үшін бір ғана нәрсе қажет - қауіпсіздік талаптарын сақтау. Бұл қиын емес. Басты мақсат - көп адам шоғырланған жерлерге бармай, талаптарды қатаң сақтау. Маскалар мен антисептиктер сатылымда жеткілікті.

Осы жағдайларды ескере отырып, облыс әкімі және жедел штаб басшысы ретінде, аймақта карантин талаптары тиісті түрде сақталмаса, режимді қатаңдатуға мәжбүр болатынымызды айтқым келеді. Біздің ортақ мақсатымыз - инфекциядан біржолата толықтай құтылу.

Сондықтан, тағы да барлық облыс тұрғындарын санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале