7.08.2020, 10:35
Оқылды: 193

Батыс Қазақстанда үш жылыжай кешені іске қосылмақ

Батыс Қазақстан облысында ішкі нарықты маусымаралық ерте пісетін көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жалпы ауданы 70,9 мың шаршы метрлік 96 фермерлік жылыжай бар. Биыл олардан бірінші дақыл айналымда 397 тонна көкөніс өнімдері алынды.

3579D9A4-3C58-4E39-ACCC-1BB2B2A85BE5

Облыс тұрғындарын маусымаралық кезеңде жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін өндірістік жылыжай кешендерін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі таңда Орал қаласы Зашаған кентінде «Орал Жылыжай Комбинаты» ЖШС жобалық құны 6,0 млрд. теңгені құрайтын, жалпы ауданы 5,6 га болатын жылыжай кешені құрылысын аяқтап, іске қоспақ. Аталмыш жылыжай кешені 80 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын болады.

Жылыжай кешені толық өндірістік қуатына шыққан кезде жылына 3,0 мың тонна көкөніс өнімдерін өндіреді.

Бұл жоба жылыжай саласындағы әлемдік көшбасшы голландиялық  Dalsem компаниясымен келісімшарт аясында іске асырылуда.

Сонымен қатар қазіргі таңда Бәйтерек ауданы Новенький ауылы маңынан «World Green Company» ЖШС ауданы 18 га (жылыжай ауданы 12 га, өсіру ауданы 10,5 га) болатын жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде.

Инвестиция көлемі 14 млрд. теңгені құрайды (меншікті қаражат – 2,6 млрд. теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несиеге – 11,4 млрд. теңге).

Жылыжай кешенінің құрылысы кезінде 100 адам жұмыс істесе, пайдалануға берілгеннен кейін 160 жаңа жұмыс орны ашылады.

Өндірістің жобалық қуаты 5 жылдан кейін жылына 7,9 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде 4,4 мың тонна қияр және 3,5 мың тонна қызанақ өнімі болмақ.

Өндірілетін өнім Орал, Атырау, Ақтау, Ақсай, Нұр-Сұлтан қалаларына, сондай-ақ РФ көрші өңірлеріне жеткізілмек.

Жылыжай кешенінде сыртқы түрі тартымды, өсу күші мен өнімділігі жоғары, дәмділігі мен сапасы жақсы сорттары мен ерекшеленетін қияр мен қызанақтардың түрлері өсіріледі.

Қазіргі уақытта жылыжай кешенінің іргетасы құйылып, қаңқасын монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жоба да голландиялық Dalsem компаниясымен жасасқан келісім-шартқа сәйкес іске асырылуда.

Жылыжайға арналған барлық шығыс материалдарын жеткізу, техникалық қолдау, қызметкерлерді оқыту голландиялық мамандармен жүзеге асырылады.

Өсімдіктер гидропоникада, яғни топырақсыз өсіріледі, қоректік заттар ерітінділер арқылы жеткізіліп, қосымша 15 мың жарықтандыру жүйесін пайдалана отырып, қияр мен қызанақ жеке-жеке бөлімшелерде тыңайтқыштар мен минералдар автоматты түрде беріле отырып, тамшылатып суару жүйесінің көмегімен өсіріледі.

Сондай-ақ Теректі ауданы Пойма станциясындағы индустриалдық аймақ аумағында «Broeikas Uralsk» ЖШС 55 га алаңға жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта «Ақжайық» ӘКК» АҚ мен инвестор арасында бірлескен қызмет туралы шарт жасалып, ЖСҚ (ПСД) әзірлеу басталды.

Жобаның инвестиция көлемі 61 млрд. теңгені құрайды. Өндірістің жылдық қуаттылығы 40 мың тонна. Жоба құрылысын 2021 жылдан бастау жоспарланған.

Бұл инвестициялық жобалар маусым аралық кезеңде жаңа піскен қияр мен қызанақ бағаларының шектен тыс шарықтап кетпеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз септігін тигізеді.

Ертай Бимұханов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале