20.04.2017, 16:43
Оқылды: 75

Батысқазақстандық ассамблея мүшелері Елбасы мақаласын талқылады

 Assambleia  Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай республикалық тақырыптық күніне орай Орал қаласындағы Достық үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына байланысты дөңгелек үстел отырысы өткізілді.

     Этномәдени бірлестіктер, облыстық ассамблея, қоғамдық келісім кеңесі және басқа ұйымдар өкілдері қатысқан жиында Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов аталмыш мақаланың мән-маңызына, ұлттық сананың жаңғыруы, бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімді дамыту, ұлттар достығын нығайту мәселелеріне тоқталды.


     Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы, Ж.Досмұхамедов атындағы педколледж директоры, педагогика ғылымдарының докторы Шалқыма Құрманалина білім саласы алдында тұрған мақсат-міндеттер төңірегінде ой толғаса, ақсақалдар кеңесінің мүшесі, педагогика ардагері Василий Баев осы тақырыпты жалғап, кейінгі жас буынға осы заманғы ақпараттық технологияларды меңгермейінше, алға басу жоқ екендігін жеткізді. «Еділ-Жайық қазақтары» қауымдастығының төрағасы Аманжол Зинуллин латын қарпіне көшудің ғаламдық маңызы бар екендігін, осы орайда кейбір керітартпа пікірлерге мән бермеу қажеттігін алға тартты. Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бауыржан Ғұбайдуллин қоғамда ғана емес, отбасында да прагматизм орнату, ысырапшылдыққа жол бермей, үнемшілдікке бет бұру, той-садақаларда орынсыз шашпашылыққа, дарақылық пен даңғойлыққа тосқауыл қою керектігін айтты.

     «Ақ отау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Есқалиева әркімнің өз білім-білігін жетілдіруге ешқашан кеш болмайтындығын, тіпті зейнет жасындағы адамдарды да компьютер тіліне үйрететін курстар ашу қажеттігін тілге тиек етті. Кәсіпкер Дархан Сариев халық арасында, әсіресе, жастарға классикалық музыканы насихаттаудың маңыздылығына, осы орайда Оралда жас орындаушылардың халықаралық байқауын ұйымдастыруға болатынына тоқталды.

     Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Елбасы мақаласын талқылауға байланысты арнайы комиссия құрылғанынан, барлық ұсыныс-пікірлердің сонда жинақталатынынан хабардар етті.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале