18.09.2019, 16:56
Оқылды: 551

Батысқазақстандық спортшылар Делиден жеңіспен оралды

Үнді елінің Дели қаласында самбо және әскери самбодан Азия чемпионаты өткен болатын. Аталмыш құрлық бәсекесінде бақ сынаған өңір самбошылары әдеттегідей жоғары нәтиже көрсетті.

Алдымен самбо күресінен 100 келіден ауыр салмақтағы палуандар арасында боз кілемге шыққан Темірлан Көлбай қарсылас шақ келтірмей Азия үздігі атанса, әскери самбода 68 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған тағы бір жерлесіміз Серік Қартабаев қарсыластарын қоғадай жапырып, Азия чемпионатының алтын медалін иеленді. Қос спортшымыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағының талаптарын орындады.

Сары құрлық боз кілемінде өздеріне тең келер қарсылас таппаған спортшыларды өткен түнде Орал әуежайынан жерлестері қарсылап алды.

IMG-20190918-WA0025

Жеңімпаз жігіттерді күтіп алу сәтінде Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева:

-Өңір самбошылары қашан да жоғары нәтижелерімін қуантып келді. Самбошылар өңірдің мақтаныштары бүгінгі Азия чемпионатындағы жеңісіміз соның көрсеткіші. Бұл жеңіс тынымсыз еңбектің арқасында келді. Алда әлі талай жарыс бар. Қашан да қазақ елінің туын жықпай, жанкүйерлеріңізді жоғары нәтижелермен қуанта беріңіздер,-деген тілегін білдірді.

IMG-20190918-WA0030

Жерлестерінің ықыласына разы болған самбошылар да ризашылықтарын білдіріп, жауапты жарыстарда ел туын жықпау үшін барын салатындарын айтты.

Енді бірнеше күн тынығып алған соң самбошыларымыз қазан айында Румыния елінде өтетін әлем біріншілігіне дайындықтарын бастайтын болады.

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале