17.04.2017, 18:10
Оқылды: 22

Бейнебақылау камераларының көмегімен 27 қылмыстық іс ашылды

 

Бұл туралы өңір басшысы Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында мәлім болды.


Сондай-ақ ағымдағы жылы қоғамдық орындардағы тәртіпті күшейту мақсатында облыстық бюджеттен қаралған қаржыға 10 патрульдік автокөлік, 100 аулаға арналған бейнебақылау камерасы алынатын болады. Күні бүгін облыс аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 425 бейне бақылау камерасы орнатылған. Олардың көмегімен 27 қылмыстық іс ашылды. Биылғы жылы мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі аясында «Ақылды қала» жобасымен облыс орталығында  160 бейне бақылау камералары, 40 дана жылдамдықты өлшеуіш құрылғылары алынатын болады. «Ақылды қиылыс» жобасы аясында бес көше қиылысы заманауи бақылау камерасымен қамтылады.

-Қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау мақсатындағы соңғы жылдары қолға алынған игі бастамалдар өз нәтижесін беруде. Қылмыс деңгейінің едәуір төмендегенінде көріп отырмыз. Дегенмен, олқы тұстары да байқалуда. Мысалға, қалта ұрлығы, соның ішінде ұялы телефонды қолды ету факторы басылмай тұр. Деректерге сүйенсек, осы кезге дейін 1800 ұялы телефон ұрлау факторы тіркелген. Бұл дегеніміз 1800 тұрғынға материалдық шығын келтіріліп, құқығы бұзылды деген сөз. Сондықтан әр аялдамаға, қоғамдық көлікке бейне бақылау камераларын орнату жағын қарастыруымыз керек. Пәтер тонау қылмысының алдын алу үшін де көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісіне бейнебақылау камераларын орнату жолдарын қарастыруымыз қажет. Өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Соны тиімді пайданалып, нәтижелі жұмыс көрсетуіміз керек,-деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Комиссия отырысында сөз алған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов республикамыздың басқа аймақтарында қылмыстың алдын алу мақсатындағы атқарылып жатқан тың істерге тоқталып, сол тәжірибелерді біздің өңірде де қолдануды ұсынды.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале