11.10.2017, 17:07
Оқылды: 73

Бензин бағасы қашан тұрақталады?

Сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Нұрсұлтан Назарбаевтың атына елдегі бензин тапшылығы үшін Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс енгізіп, вице-министр Әсет Мағауовты жұмысынан босатты. Сондай-ақ Үкімет басшысы «ҚазМұнайГаз» АҚ басшыларының жұмысын сынға алған болатын.

Жаз маусымы басталысымен, автокөлік жүргізушілерін айтпағанның өзінде қарапайым халық «Күзге қарай жанар-жағармай қымбаттайтын көрінеді» деп шулаған болатын. Айтылған алыпқашпа сөздердің жаны бар екендігі тағы бір мәрте дәлелденгендей. Қыркүйек айында еліміз бойынша жанар-жағармай 10-11 пайызға қымбаттады. Құп дедік. Ал қазан айы басталғалы баға қазақ ертегілеріндегі батырлардың ержетуі сықылды күн сайын емес, сағат сайын өсті. Шарықтау шегінің қай жерден тұрақтарын  ешкім болжай алар емес сыңайлы. Халық күз бен көктем айларында жыл құстарының ұшып келетіні табиғи заңдылық екендігін әу бастан біледі. Соңғы кезде жылдың осы екі мезгілінде бензин бағасының өсу керектігі де өзінше бір дәстүрге айналғандай. Күнделікті күйбең тірлікте ауадай қажет сұйықтықтың қымбаттауы халық тұтынатын тауар бағасының шарықтауына әкеп соғатыны бесенеден белгілі. Бұл жағдайда жанар-жағармай бекеттерінің тұтқасын ұстаған «бензин барондары» мырғымның астында қалып, қалталарын томпайтса, қарапайым қара халық тапқан нәпақасын басынан аяғына жеткізе алмай әлек болары анық.

Сонымен бүгінгі күннің «күйіп тұрған» өзекті мәселесінің біздің өңірдегі жағдайы қандай? Жалпы, облыс көлемінде бензин тапшылығы қандай дәрежеде? Өңірдегі жанар-жағармай бағасы туралы бірқатар құзырлы мекемелердің есігін ашып, қатардағы көлік жүргізушілермен сұхбаттасып, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Алдымен, жанар-жағармай неге қымбаттады деген сауалға жауап іздеп көрелік. Бұл мәселе төңірегінде болжам көп. Соның бірі Атырау және Павлодар облыстарында орналасқан ірі мұнай өндіруші зауыттардың жоспарлы жөндеу және жаңғырту жұмыстарына байланысты өнім шығаруды тоқтатуы себеп болып отыр. Екіншіден, ресейлік бензиннің көтерме бағасының өсуі. Мамандардың дерегіне сүйенсек, осы уақытқа дейін Ресейден тасымалданатын жанар жағармайдың әр тоннасын 500 АҚШ долларына сатып алынған болса, қазіргі таңда көршілес мемлекет бензиннің тоннасын 560 доллар көлемінде саудалауда.

Бүгінгі таңда біздің өңірдегі бензиннің бағасы 152-164 теңгеден сатылуда. Ал өткен аптаның соңында облыс орталығынан 600 шақырым қашықтықта орналасқан Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылында АИ-92 маркалы бензиннің әр литрі 200 теңгеден жіберіліпті. Жанар-жағармай бағасының шарықтауын жергілікті әкімдік жердің шалғайлығы мен тасымалдау шығынына байланысты деп отыр. Сондай-ақ бұл ауылда жағар-жанармай бекеті біреу-ақ. Кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестіктің жоқтығы да бағаның өсуіне әкеп соққан.

Облыс көлеміндегі жанар-жағармай бағасының қымбаттауы облыс әкімдігінің назарынан тыс қалмады. Өткен аптада облыс әкімі Алтай Көлгінов бензин бағасын бақылау және оның негізсіз көтерілуіне жол бермеу жөнінде бірқатар құзырлы мекемелерге тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде Бөкей ордасындағы жағар-жанармайдың бағасы 180 теңгеге төмендетілді.

Осы тақырыпқа байланысты сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстағы жанар-жағармай нарығындағы қалыптасқан жағдай туралы брифинг оздырылды. Баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті БҚО бойынша департамент басшысы Мұрат Оспанов өзекті мәселе төңірегінде сөз қозғады.

-  2015 жылы халық тарапынан үлкен сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензинге мемлекеттік реттеу жойылып, баға босатылған болатын. Сол уақыттан бастап оның құны нарықтағы ұсыныс пен сұранысқа сай белгіленіп отыр. Негізгі назар - жанармайды көтерме бағамен әкелетін тасымалдаушылардың өзара сөз байласуына жол бермеуге аударылуда.  Монополияға қарсы күрес мекемесі бүгін «Москвичи» ЖШС-на монополия заңдылықтарын өрескел бұзғаны үшін ескерту берді. Айта кетейік, бұл серіктестіктің меншігінде 26 жанар-жағармай бекеті болса, соның ішінде 21 бекет аудан ауылдарда, бес станса облыс орталығында орналасқан. Бұндай заңға қайшылық келтіретін әрекеттер тек Бөкей ордасы ауданында ғана емес, Қазталов ауданында да орын алған. Яғни аудан көлеміндегі арақашықтығы 50 шақырымды ғана құрайтын екі ауылда бензин екі түрлі бағамен сатылған. Қазталов пен Жалпақтал ауылдарындағы бензин бағасының айырмасы 10 теңгені құраған. Аталмыш серіктестіктің басшысы мұның себебін жол шығындарына жапқан. Біздің тарапымыздан жүргізілген сараптама нәтижесінде бензин тасымалының тек екі ақ теңгеге жоғары екені анықталды. Ал баға он теңгеге өскен. Бұл ауылдарда басқа жанар-жағармай бекетінің болмауын, болса да тек талон арқылы жіберілгенін ұтымды пайдалануды мақсат етіп, өзінің қызметін асыра қолданған. Егер ескерту берілген серіктестік он күннің ішінде орын алған кемшіліктері жоймаса, оған әкімшілік айыппұл салынатын болады. Жалпы, ағымдағы жылы монополия заңдылығын бұзған әр түрлі саладағы кәсіпкерлерге 380 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, - деді Мұрат Оспанов.

Аталмыш департамент басшысының мәліметінше, бензин бағасының қашан тұрақталары белгісіз. Себебі бағаны мемлекет реттемейді. Әр тауардың бағасы елдегі нарыққа тәуелді.

Мұрат Оспановпен өткен баспасөз мәслихатынан бұл департамент өңірдегі жанар-жағармайдың бағасының төмендеуіне тікелей әсер ете алмайтындығын, олардың құзыретіне тек бағаның шамадан тыс шарықтамауына қадағалау жасау кіретіндігін аңғардық.

Бұдан соң облыс көлеміндегі күні бүгінгі бензин бағасы туралы мәлімет алу мақсатында БҚО энергетика және коммуналдық шаруашылығы басқармасына атбасын тіредік.

- Біздің басқарма мамандары өңірдегі жанар-жағармай бағасын күнделікті назарда ұстап отырады. Облыс көлемінде барлығы 124 жанармай бекеті болса, соның 52-сі Орал қаласында, қалған 72 бекет аудан-ауылдарда орналасқан. Бүгінгі күні облыс орталығындағы бензин бағасы АИ-80 маркалы жанармай - 89 теңге, дизель отыны -149-175 теңге, АИ-92/93 бензині - 150-157 теңге, АИ-95 жарнармайының литрі 150-179 теңгені құрап отыр. Ал аудан-ауылдардағы бағаларға келер болсақ, АИ-92 бензині - 152-180 теңге, дизель отыны - 149-190 теңге, АИ-95 маркалы жанар-жағармай 162-200 теңгеден сатылуда. Біздің облысымызға қажетті АИ-92 маркалы бензиннің 65-70 пайызы көршілес Ресей елінен тасымалданады. Бөрлі ауданындағы «Конденсат» АҚ өткен жылдан бастап К5 маркалы бензин өндіре бастады. Зауыттың бүгінгі таңдағы қуаттылығы жылына 600 мың тонна болып отыр. Алдағы уақытта шикізат көлемін арттырып, жылға 850 мың тонна жанар-жағармай өндіру зауыттың жоспарында бар. Осы игі бастамалар іске асқан уақытта ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қамтып, ресейліктерге деген тәуелділік азаяды деп күтілуде. Сонымен қатар облыс көлемінде 55 газ құю бекеті болса, оның 33-і облыс орталығында, қалған 22-сі аудан-ауылдарда орналасқан. Бүгінгі таңда газ отынының әр литрі 63-70 теңгеден сатылуда, - деді басқарманың энергетиканы дамыту бөлімінің басшысы Бейімбет Мусин.

Міне, мамандардың берер жауабы осындай болды. Қай жерде де «Еліміздегі жанар-жағармай зауыттары жөндеуден өтіп, жаңғыртылып іске қосылмай, бензин бағасы тұрақтамайтын секілді» деген екіұшты жауаптан басқа тұшымды сөз ести алмадық.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале