24.11.2017, 20:15
Оқылды: 47

Березов аумағы жаңа экологиялық аймақ ретінде жарияланады

IMG-20171124-WA0060Келесі жылы Бөрлі ауданындағы Березов ауылының аумағы ресми түрде шектеулі экологиялық аймақ болып жарияланады. Соған байланысты ол аймақта адамдардың тұруына тыйым салынады.


 

"Ақжайық" телеарнасында жүргізілген тікелей эфир арқылы тұрғындар сұрағына жауап беріп отырған облыс əкімі Алтай Көлгінов Березов пен Бестау тұрғындарын көшіру жоспарға сəйкес атқарылып жатқанын хабарлады.

Айта кетейік, екі жыл бұрын Березов пен Бестаудан басталған көштің биыл екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Екі ауылдан екінші кезеңде 373 түтін, яғни 1456 адам келеді деп жоспарланған. Жоба аясында Ақсай маңындағы Аралтал ауылында жаңадан салынған үш және төрт пәтерлі үйлерге 100 отбасы қоныстанды.

Қазан айында Ақсай қаласындағы 10-шы шағынауданда 9 қабатты 153 пәтерлі екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қарашаның 22-сіне дейін 263 отбасы жаңа қоныстарын қолай көріп, келісімшартқа қол қойды. Енді қалған отбасылармен келісімшарт жасалуда.

Айта кетейік, 2015 жылы Бөрлідегі көштің алғашқы кезеңінде 82 отбасы Ақсайдағы көп пәтерлі екі тұрғын үйге қоныс аударды.

Қазіргі уақытта березовтықтар мен бестаулықтарға әлеуметтік тұрғыда жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қаладағы 10-шы шағынауданда 320 орындық балабақша ашылды. Аралталда «РаЗаСтрой» ЖШС 300 бала сиятын мектептің құрылысын жүргізуде.

Экологиялық ахуал зардабына байланысты балалардың денсаулығын оңалтуға баса мән берілді. 2014-2015 жылдары облыстағы «Ақжайық» шипажайында 145 оқушы, Алматы қаласы маңындағы «Алатау» республикалық шипажайында 10, Ақтөбедегі «Дару» сауықтыру орталығында тоғыз бала ем қабылдады.

Сондай-ақ С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасында 6, Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургиясының ғылыми орталығында екі бала тексеруден өтті.

Өткен жылы Березов ауылынан Ақсай қаласына бірінші кезеңде көшірілген отбасылардағы 18 жасқа дейінгі 122 бала көп бейінді облыстық балалар ауруханасына ем алу үшін жіберілді.

Былтырғы тамыз айында березовтық 22 бала Ресейдің Орынбор облысы Тюльганский ауданы Ташла ауылындағы «Солнечная страна» оқу-сауықтыру орталығында ем қабылдап, демалуларына мүмкіндік жасалды.

Биылғы көктемде Березов мектебінің 5-9 сыныптарында оқитын 38 бала Қарағанды облысындағы «Березники», 30 оқушы Алматы облысындағы «Маралсай» шипажайларында демалды.

2014 жылы «ҚПО б.в.» компаниясының демеушілігімен 30 зейнеткер мен бюджеттік мекемелердің 10 қызметкерінің денсаулығын оңалтуға жағдай жасалды. Сол жылы компания және 59 адамның өңіріміздегі Жаңақала ауданаралық сауықтыру орталығында емделуіне демеушілік жасады.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале