10.04.2017, 12:18
Оқылды: 86

«Берсең, балаға бер»  

 

«Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының өкілдері «Бақытты отбасы - бақытты балалық шақ» жобасы аясында  қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға  әлеуметтік көмек көрсетті.

Үстіміздегі жылдың басында аталмыш жоба аясында қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайын білу мақсатында арнайы рейд ұйымдастырылып, мониторинг жұмыстары жүргізілген болатын.

Мәселен, 31 жасар Наталья Кожевникова төрт баласының киім-кешектен қиналып жүргенін жеткізген еді. Бұл жолы  облыстық мәслихат депутаты Ляна Тұрсынова төрт балаға қажетті көктемгі күртешелер мен аяқ киім сыйлады. Әрі күні кеше ғана жұмыссыз қалған Натальяға сол жерде жұмыс ұсынып, №26 мектепте оқитын екі баласын тегін тамақпен қамтамасыз ететінін айтты. Бір сәтте көл-көсір қуаныштың иесі болған жас ана «Нұр Отан» партиясына, халық қалаулысы Ляна Тұрсыноваға шексіз алғысын білдірді.

Келесі табан тіреген әскери қызметкерлердің жанұясында жеті бала өсіп келеді. Бізді ақ дастарханын жайып, қарсы алған көп балалы ана  Мәдина Ақылбаева осы күніне шүкіршілік етеді.

-Жұбайым - әскери қызметкер. Өзім де осы әскери салада қызмет жасаймын. Әзірге бала күтімімен үйде отырмын. Ақтау қаласынан қызмет бабымен тамыз айының аяғында көшіп келдік. Жеті баламның үлкені 14-те, кішісі екі жаста. Қазақта «Бай болып көрген жоқпын, кедей болып өлген жоқпын» деген сөз бар. Сол айтқандай, біреуден ілгері, біреуден кейін, өз міндетімізді атқарып, өмір сүріп жатырмыз. Бүгін біздің хал-жағдайымызбен танысып жатқан «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне мың алғыс, -деді  көп балалы ана. Мәдина Ақылбаеваның балалары да көктем мезгілінде киетін киім-кешекпен қамтамасыз етілді.

«Берсең, балаға бер» дегендей, балаларды қуанышқа бөлеген «нұротандықтар»  бұл игілікті істің жалғаса беретіндігін айтты.

 Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале