27.12.2018, 18:37
Оқылды: 47

Бір отбасын өрттен құтқарған тәртіп сақшысы «Жыл үздігі» атанды

Жуырда Оралда жыл үздіктері салтанатты түрде марапатталды. Үздіктердің қатарында Орал қалалық ПБ кезекші бөлімі жедел кезекшісінің көмекшісі полиция аға сержанты Асылхан Темірханов бар еді. Тәртіп сақшысын облыс әкімі Алтай Сейдірұлы салтанатты түрде құттықтап, «Жыл үздігі-2018» номинациясын табыстады.

IMG-20181221-WA0001

 

Полиция аға сержанты Асылхан Темірханов 2018 жылы 12 желтоқсанда «Омега зауыты» ауданына қарасты «Вишенка-1» саяжай қоғамында тұратын туысқандарына барып, түнеп қалады. Таңертең үйіне қайтпақ болған сәтте, шамамен сағат 09.00-де тәртіп сақшысы өзі шыққан үйге қарама-қарсы беттегі үйдің өртке оранғанын байқайды. Әпсәтте үйге қарай бетейді. Өрт пен көк түтін есік тұсты шарпыған. Үйдің есігінен ішке ену мүмкін емес. Тез арада шешім қабылдаған Асылхан терезе әйнегін шынтағымен соғып сындырады. Әйнек шытынай сынғанда «Іште кім бар, шығыңдар, өрт, өрт» деп айқайлайды. Тәртіп сақшысы ішке басын сұққанша, жалындаған от пен түтін біраз жерді жайпап үлгерген болатын. Сынған терезеден 5 жасар қыз баланы көтеріп, сыртқа алып шығады. Содан кейін үй ішінен жасы 40-45 шамасындағы ер адамды сыртқа жалғыз өзі шығарады. Зіңгіттей ер адамның түтінге тұншығып, басы айналып, көзі қарауытып, есеңгіреп қалған. Әйел адам өз күшімен тысқа шыққан. Осылайша бір отбасын өртеніп жатқан үйден аман алып шыққан Асылхан үй ішінде тағы не бар екенін, қауіпті не қалғанын сұрайды. Әйел адам үйде біріне газ толтырылған, бірі бос газ баллон барын айтады. Тәртіп сақшысы отбасы мүшелерін ауладан алысқа шығарып, лезде өрт сөндіру, медициналық жәрдем, «Үкі» түнгі іздестіру тобын шақырады. 2-3 минутта мекен-жайға жеткен өрт сөндіру қызметі үй бұрышындағы 2 газ баллонды сыртқа алып шығады. Ал үй иелеріне дереу медициналық жәрдем көрсетіліп, түтінге уланғандар қалалық көп бейінді ауруханаға жеткізіледі.

Полиция аға сержанты Асылхан Темірханов көз ілеспес жылдамдықпен бір отбасын өлімнен құтқарды.

Гүламан Исмагулова,

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметкері

 

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале