1.05.2017, 16:59
Оқылды: 69

Бірлік пен татулық мерекесі облыс аудандарында кең көлемде аталып өтті

Қазақстан халқы бірлігі күні облыс аудандарында да тойланды. Бұл күнгі ұйымдастырылған мазмұнды шаралар мереке шырайын аша түсті. Бұл туралы өңірлердегі меншікті тілшілеріміз хабарлады.

Жаңақала ауданы жұртшылығы ынтымақ пен бірлік күнін сән-салтанатымен атап өтті. «Береке бастауы - бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған аудан тұрғындары ертемен орталық алаңға жиналды. Достық алаңында өткен дәстүрлі шеруге мыңнан астам адам қатысты.

Теректіліктер де бірлік мейрамына тыңғылықты дайындалыпты. Ауданда 29 ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Бұл күні алты этномәдени орталық мүшелері ауылдарын құрып, дастархан жайып, дәмі тіл үйірер тағамдарын ұсынды.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Жәнібек ауданындағы мейрам ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен концерттік бағдарламамен көркемделді. Ән мен би, сән мен салтанат, салт пен дәстүр қатар өріліп, халық достығының көрінісі айқын көрінді.

Қаратөбе ауданының орталық алаңында өткен мерекелік шарада сөз сөйлеген қырғыз ұлтының өкілі Чинара Ташматова аудан тұрғындарын атаулы мейрамдарымен құттықтап, Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз  молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеліп, ел тәуелсіздігі баянды болуына тілектес екенін білдірді.

Бірлік пен берекенің бастауы, жақсылық пен жасампаздықтың жаршысы  - Қазақстан халқының бірлігі күні Ақсай қаласында да кеңінен тойланды. Жылы жүзбен, жақсы тілекпен көріскен көпшілік Ғ. Жәңгіров атындағы саябаққа жиналды. Мерекеде  «Мирас», «Хуторок», «Достық», «Дзала Эртобашиа», «Армян», «Приуралье», «Ялгат» этномәдени орталықтары жұртшылыққа ұлттық тағамдарын ұсынды.

Сырым ауданында мерекеге орай аудан кәсіпкерлері ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Орталық алаңдағы сахнада аудандағы «Достық» клубының мүшелері, «Демалыс орталығы» мекемесінің көркемөнерпаздары өнер көрсетті.

Зеленовта ұлттар арасындағы достықтың діңгегін бекемдей түсу мақсатында ұйымдастырылған шарада көпшілік жүгіруден мемлекеттік мекеме қызметкерлері, спорттық ойынға қатысушылар марапатталды. Айта кетейік, «Қазақ барысы»  аудандық турнирінің жеңімпазы Олжас Сүлейменов Астана қаласында өтетін "ЭКСПО-2017" көрмесін тамашалауға арнайы жолдаманы жеңіп алды. Ал  өнерпаздар болса, концерттік бағдарлама ұйымдастырып, ән-биімен көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале