23.09.2019, 20:31
Оқылды: 512

Биыл БҚО халқының 85 пайызы орталық су жүйесінің игілігін көреді

ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына 100 күн толуына орай өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстық газеттердің бас редакторларының сұрақтарына жауап берді.

eskaliev

– Бұл 100 күн, негізінен, облыстың жағдайымен егжей-тегжейлі танысу, стратегиялық басым бағыт-бағдарды пысықтау және алда тұрған міндет-мақсаттарды жүзеге асыруға лайық мамандарды іріктеу, сонымен қатар облыс бюджетін қалыптастыруға негіз болар негізгі мәселелерді елеп-екшеуге арналды. Әрине, Қазақстанның әр өңірінің стратегиялық бағытын Елбасы Н.Ә.Назарбаев айқындап берді және алда тұрған ауқымды міндет-мақсаттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың барлық тапсырмаларында нақты көрсетілген.

Соңғы жылдары жаңа инфрақұрылым қалыптастыру бойынша көп жұмыс атқарылды. 1 мың шақырымға жуық жол жаңадан салынып, жөнделді. Өңіріміздің ең шалғай аудандарының орталықтары Сайқын, Жәнібек және Қазталовты облыс орталығымен байланыстыратын жол құрылысы биыл басталды. Ағымдағы жылы Қазталов ауданының 9 елді мекеніне табиғи газ құбыры тартылып, бұл аудан тұрғындарының көгілдір отынмен қамтылуы 96,1 пайызды құрамақ. Сондай-ақ биылдың өзінде облыстың 40 ауылдық елді мекені орталық су жүйесімен қамтылатын болады. Бұл дегеніңіз – облыс халқының 85%-ы орталық су жүйесінің игілігін көреді деген сөз.

Біздің өңірдің негізгі күрделі мәселелері еліміздің Премьер-министрі А.У.Мамин бастаған Үкімет делегациясы облысқа келген сапарында талқыланды. Бүгіндері тиісті министрліктермен бірлесіп, түйінді мәселелердің шешу жолдарын қарастырудамыз. Орталық құрылымдардың деңгейінде қорғаныс бағытындағы біздің екі кәсіпорынның кейбір мәселелері шешімін тапты.

Мемлекеттік бюджеттің шектеулі екендігін ескеріп, ортақ шаруаның біразын жеке инвестиция арқылы шешуге ұмтылудамыз. «Бәйтерек» ұлттық холдинг» АҚ даму институты құрылымдарының барлық дерлік бірінші басшылары біздің өңірде болып үлгерді. «Kazakhinvest» ұлттық компаниясының қолдауымен инвесторларға қызмет көрсететін орталық құрдық, цифрлық технология форумын өткіздік. Инвесторларға арнап 30-ға жуық құрылымдық ұсыныс даярладық. Міне, осындай қам-қарекеттер кәсіпкерліктің күрт өрістеуіне 2020 жылдан бастап-ақ серпін беруі тиіс,-деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сұхбаттасқан Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале