17.01.2018, 16:08
Оқылды: 38

Биыл облыс аумағында 14 суға шомылу орны белгіленді

 

19 қаңтарда облыстағы христиан діні өкілдері жылдағы дәстүрмен крещение мейрамын атап өтеді.  Бұл күні барлық су атаулы жаңарып, денсаулыққа ғажайып әсер береді деген нанымға сәйкес православтықтар өзен-көлдегі ойықтарға шомылады. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті 18-19 қаңтар күндері күшейтілген тәртіппен жұмыс жасап, ойық маңында тәулік бойы кезекшілік атқаратын болады. Бұл туралы бүгін облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте мәлім болды.  

БҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, Азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Ихсановтың айтуынша, биыл облыс аумағында 14 суға шомылу орны белгіленген. Олар: Орал қаласында - Киров саябағы, Ескі собор, Әйелдер монастырі, «Динамо» спорт базасы, Коминтерн ауылы, Чапаев затоны және «Металлист» зауыты аудандарында болса, қала маңында - Круглоозерное ауылында екі жерде (Грифка және Понтон), Деркөл ауылында үш орында (№7 маршруттың соңғы ескі аялдамасы, №4 маршруттың аялдамасы, «Магнит» дүкені), Серебряково мен  Желаев ауылдарында. Төтеншеліктер шомылушылардан сақтық шараларын қатаң сақтап, спирттік ішімдік ішпеуге, суға біртіндеп түсуге, сүңгімеуге және суда 1-2 минуттан артық болмауға, шомылғаннан кейін құрғақ орамалмен мұқият сүртініп, ыстық шай ішуге кеңес береді.

- Өткен жылы қыста төрт адам мұз астына батып кетті. Атап айтсақ, 2017 жылдың 8 желтоқсанында Зеленов ауданындағы Өркен ауылынан 8 шақырым жерде орналасқан Көшім каналында балық аулау кезінде 1949 және 1953 жылдары туған 2 азамат мұз астына батып кеткен, сондай-ақ 19 желтоқсан күні Шыңғырау ауданы Шыңғырлау ауылынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңакөш су қоймасында балық аулауға барған 1955 және 1953 жылдары туған екі азамат «Ауди-80» маркалы аутокөлігімен мұз астына кеткен,-деді төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Марс Отаров.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале