8.05.2020, 16:49
Оқылды: 232

Біздің Зекең

Зейнолла Жақсылықұлы Мүтиевтің есімі еліміздің батыс өңіріндегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандарына жақсы таныс. Оған басты себеп, Зейнолла Жақсылықұлының осы салада еңбек етіп келе жатқанына қырық жылдай уақыт болыпты. 

IMG_1005

Мектеп кезінен өлең жазып, аудан, республика газеттеріне жібере бастаған жас бала «сөз өнері» деген үлкен өнерге сол кезден бастап құмартқанын аңғара қоймаған шығар. Дегенменен осы бір «өнер алды – қызыл тіл» оның өмір бойы сүйікті ісіне айналатынын сезбеген де шығар.

Ол кездерде жаппай кітап оқитын ұрпақ тынымсыз еңбекті де өз бойларына сіңіріп өсті. Жас Зейнолла еңбектен қол үзбей оқып жүріп, өз білімі мен ізденісін жалғастырды. Пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын абыроймен тәмәмдап, есімдері елге белгілі С. Ақмұрзин, М. Тілеужанов, Ғ. Әбуханов, Қ. Мырзағалиев, М. Жолдықайрова, Ш. Жұмағазиева, О. Бүркіт сияқты ұстаздардың тәлімін алды.

«Біздерді тосады, туған жер құшағы» деген өлең жолдарындағыдай, жас маман – Зейнолла туған жері, Сырым елінен, өзінің ұстаздық қызметін бастады. Өз бойына ұстаздық қабілетті жинай білген, еңбекқор жастың есімі көп ұзамай облыстың білім беру саласына белгілі бола бастады. Осы кезде, еліміз өз тәуелсіздігін қайтадан қалпына келтіріп, білім жүйесін ұлттық негізде қайта құрып жатқан кезде, біздің өңірдегі алдыңғы қатарлы дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 мектепке ұстаздық қызметке шақырылды. Бұл, әрине, жас маман үшін үлкен сенім болатын. Бұл бір материалдық жағдайдан қиын кез болса да, жас ұстаз өзінің сүйікті ісіне бар жігерімен кірісті. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде көптеген шәкірттері облыстық, республикалық олимпиадалардан жүлделі орындар алып, ұстаз мерейін тасытты. Бұл жетістіктер Зейнолла Жақсылықұлына қанат бітірді, жаңа белестерді алу мүмкіндігі бар екенін ашты. Өз саласының майталманы болу үшін, мол білімнің қажет екенін түсінген ол ғылымға бет бұрды. Мектептің ауыр жұмысын қатар алып жүріп, ғылым орталығы атанған Алматыға барып, ғылыми жұмыспен айналысты. Зекеңнің бақытына орай, оған есімі елге мәлім әдебиетші ғалым Серік Мақпырұлы жолықты. Кітапханадан ғылыми кітаптарды ақтарып, талай сапарларда жүріп, тынымсыз еңбектің нәтижесінде ғылыми еңбек дүниеге келді. Серік ағамыздың үмітін ақтап, шәкірті «Фариза Оңғарсынова лирикасы» тақырыбында қорғаған ғылыми жұмысына еліміздің Жоғары аттестациялық комитеті филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін берді. Бұл – мектепте жүрген маманның ірі жетістігі, жаңа белесі болатын.

eebdfc9b-cbfa-4b2c-9ba7-7cd6ad4d6ce1

Ғылым көкжиегіне қанат қаққан Зекең М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасына ұстаздық қызметке шақырылды. Мектептегі бай әдістемелік тәжірибесін ескеріп, оған «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» деген курстан дәріс және практикалық сабақтар жүргізу тапсырылды. Онымен қоса, директордың орынбасары лауазымын да қоса атқарды. Бұл қызметке бел шеше кіріскен Зекең көп ұзамай университеттің ыстығы мен суығына шыңдала бастады. Ұстаздық қызметпен қатар, ғылыми жұмысты қатар жүргізіп, «Фариза Оңғарсынова лирикасы» монографиясы (2002) мен «Фариза Оңғарсынова лирикасы» оқу құралын (2006) жарыққа шығарды.

Енді кішкене, осы еңбекке тоқталып кетелік. Мына, жалпы әдебиетте «Жалғыздық» ұғымы бар. Ірі – концептілік жүйе. Әрине, қазақтың төл мінезіне жат құбылыс. Халқымыз – «Жалғыздық құдайға жарасқан» дейді. Ал «Жалғыздық» құбылысы ең алғаш көне Қытай философиясына жататын Даосизм, Лаоцизм ағымдарынан идея ретінде басталады . Бұл – жалғыз Будданың жеке кредосынан туған нәрсе болса керек. Тибет монахтарының басты идеялары да осы – «жалғыздық». Енді осы «Жалғыздық» ер мен әйел тең деген кеңестік идеология және сұм соғыстан ер-азаматтарымыздың көбі келмей қалғаннан басталып, қазақ топырағына да келді. Дарынды ақын Фариза Оңғарсынованың басты мұңы да идеясы да осы «Жалғыздық». Бұл, әрине, дарынды емес тұлғаның тілдік тұлғаға айналуына өз септігін тигізетін күш. Бұл идеяны талдап шығу оңай іс емес. Бірде профессор Серікқали Шарабасовтың Зекең туралы – «Жалғыздың, оның қоса, әйел адамның, мұның талдаған – біздің жез мұрт, осал емес» дегені бар. Бұл еңбекқор жанның қазақ лирикасының ішкі қалпын аңғаруға тырысқан тынымсыз еңбегіне берілген баға болар деп ойлаймыз. Зекең бұнымен тоқтап қалмай, «Қазақ лирикасының даму сипаты және зерттелу тарихы (ХХ-ХХІ ғ. басы) монография (2012), «Қазақ лирикасын зерттеушілер» (оқу-әдістемелік құрал, 1-кітап. 2011), «Қазақ лирикасын зерттеушілер» (оқу-әдістемелік құрал. 2-кітап. 2011), «Қазақ лирикасының зерттелу тарихы» (оқу құралы, 2012) еңбектерін жарыққа шығарды. Бұлардың бәрі, бір адам үшін, қырауар жұмыс емес пе? Онымен қоса, көптеген халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жарық көрген мақалаларын қосыңыз. Ғылыми іссапарларға шығып, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетімен, Ресей Федерациясы Татарстан Республикасының Қазан Федералды университетімен байланыс орнатты. Облысымыздағы мектептермен тығыз байланыста жұмыс жасап, «Дарын» орталығының ғылыми жұмысын жандандыруға көмегін берді.

2012 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» грантына ие болған Зекең өз білімін Түркия елінің Ардахан университетінде тағылымдамадан өтті. Осы сапардан біздің университетке Ардахан университетінің профессоры Орхан Сөйлемезді дәріс оқуға шақырды. Қазақ тілін жақсы білетін Орхан Сөйлемез қазақ тілі мен әдебиеті студенттеріне қазақ түрік әдеби байланыстары жөнінде әсерлі дәрістерін өткізді. Өзінің ұстаздары Мәтжан Тілеужанов пен Қалимолла Мырзағалиевқа арнап, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын гранттық жоба аясында сәтті өткізді. Алғашқы рет университетте Батыс Қазақстан облысының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің облыстық ғылыми-әдістемелік семинарын ұйымдастырды. Бұл семинар өз кезегінде тұрақты сипат алып, жыл сайын қазақ филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Осыдан соң Зекең біздің бөлімнің екі жас студентіне Түркияда академиялық ұтқырлық бойынша білім алуын ұйымдастырды. Қазақ филологиясы кафедраның меңгерушісі, филология факультетінің деканы сияқты қызметтерді абыроймен атқара жүріп, Зейнолла Жақсылықұлының 2018 жылы «Әдеби өлкетану: рухани жаңғыру (Орал өңірі ақын жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы) деп аталатын тақырыптағы ғылыми жобасы кафедрамыздың тарихында бірінші рет Білім және ғылым министірлігінің грантына ие болды. Осы жобаның аясында Зейнолла Жақсылықұлы «Әдеби өлкетану: қоғамдық сананы рухани жаңғырту (Орал өңірі ақын-жазушыларының шығармашылық мұрасы. ХХ-ХХІ ғасырдың басы) монографиясын мен хрестоматиясын (Ж. Мұханбетовамен бірлестікте, 2018, 2019) жарыққа шығарды.

«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп абыз Абай айтқандай, Зекең өзіне талап қойғыш ұстаз. Сол талмай ізденістің арқасында Зекең бірқатар марапаттарға да ие болды. Бүгінде, Зекең өзінің асқаралы алпыс жасына осындай тамаша жетістіктермен жетіп отыр. Өмірде Зекең өте қарапайым, еңбек сүйгіш, адамға бар көмегін аямайтын жан. Балаларын аяқтандырып, немелерінің күлкісіне көміліп отырған үлгілі әке. Тәуелсіз еліміздің білім-ағарту жүйесіне өз терін аямай төгіп келе жатқан Зейнолла Жақсылықұлы Мүтиевтің қазақ әдебиеті ғылымының қараусыз жатқан беттерін зерттемек болашақ жоспарлары көп. Зекеңе осы бір қиын жолда өз мақсатына жетуге бар тілектестігімізді білдіремін.

                                    Ғабит Хасанов             М.Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале