20.02.2020, 9:43
Оқылды: 112

БҚАТУ-дың ветеринариялық клиникасында бұралқы иттер зарарсыздандырылуда

Бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиев Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ветеринариялық клиникасында болып, бұралқы иттерді зарарсыздандыру жұмыстарымен танысты.

veterinarya (1)

Заман талабына сай жасақталған ветеринариялық клиникада алдымен көшеден әкелінген иттерді тіркеп, арнайы базаға салады. Содан соң чип енгізіп, екпе егіліп,  зарарсыздандырылады. Иттерді отаға дейін ұстайтын жер, отадан кейін жылы бөлме қарастырылған. Ит-мысыққа ота жасайтын кабинетте 4 хирург, бір ассистент жұмыс жасайды. Олар күніне 10-15 ит-мысыққа ота жасап үлгереді екен.

– Ит-мысықты зарарсыздандыру әлемдік практикада зерттелді. Біздің ғалымдар жан-жақты тексеріп, осы жоба жасалды. Бұл өте тиімді жоба. Зарарсыздандыру, кастрация жұмыстары  жасалғасын чип арқылы ит-мысықтар үнемі қадағалауда болады. Әрі ауру тарамайды, көбеймейді, – дейді «Жәрдем-Вет» оқу ғылыми өндірістік орталығының меңгерушісі Бекжасар Сидиров.

Ветеринариялық клиниканың жағдайымен танысқан  облыс әкімі Ғали Есқалиев ит-мысықтарды өлтірумен салыстырғанда бұл ереженің  маңызды екендігін атап өтті.

– Көшеде жүрген иттер балаларды тістеп, әртүрлі ауру тудырады. Сондықтан біз қаңғып жүрген ит-мысықтарды азайту мақсатында осы ережені қабылдадық. Бұл экономикалық тұрғыда тиімді, әрі қоғам үшін де, жануарлар үшін де қауіпсіз. Азаматтық коддекстің 246-бабына сай, бұрынғы ереже бойынша жұмыстансақ, бұралқы ит-мысықты аулап, оларды 60 күн ұстап, арнайы күтетін орын (питомник) салу үшін 1 млрд.-қа жуық қаражат қажет болар еді. Қазіргі күнде ит-мысықты зарарсыздандыру жұмыстары  28 млн. теңгені құрап отыр. Алдағы уақытта қажет болса, қаражаты жоқ тұрғындар өз ит-мысығын зарарсыздандырып, кастрация жасау үшін субсидия бөлу жағын да қарастырамыз, - деді Ғали Есқалиев.

veterinarya (4)

– 2019 жылы  жаңа ереже күшіне енді. Бұған дейін қала, аудандар аумағында қаңғыбас иттер үш күн ұсталып, иесі келмеген жағдайда, дәрі беру арқылы өлтірілетін. Жануарларды қорғаумен айналысатын ұйымдардың ит-мысықты өлтірмеу жөнінде сұранысы негізінде ит пен мысықты зарарсыздандырамыз немесе кастрация жасаймыз деп шештік. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіре береміз. Қазіргі таңда ит-мысықтарды бірдейлендіру бойынша арнайы ақпараттық база жасақталуда, – дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетов.

Мамандардың айтуынша, жаңа ереже бойынша жасалған жұмыстар бес-алты жылда өз нәтижесін бермек. Жаңа технологиялар бойынша жасалған жұмыстардың нәтижесінде ауыл-қаладағы қаңғыбас, бұралқы ит-мысықтың саны әлдеқайда азаймақ.

Гүлжамал Жолдығали,

Суретке түсірген Эльвира Меңдіғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале