14.02.2020, 11:47
Оқылды: 435

БҚИТУ-да Дариға Мұштановамен әдеби-сазды кездесу кеші өтті

«Адамның жаны – бір жұмбақ» осындай атаумен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде педагогика факультетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, ұстаз Дариға Мұштановамен әдеби-сазды кездесу кеші өтті.

 bkitu (4)

Аталмыш университеттің басшылық құрамы, оқытушылар және студенттер қатысқан шарада Дариға Ғазезқызы:

 «Менің азын-шоғын жазған дүниелерімді насихаттап, осындай әдемі рухани кеш ұйымдастырғандарыңызға көп рахмет. Қазақта: «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дейді ғой. Ортамызда жүрген бір жерлес ақын апамыз деп әлпештеп шақырған Баян Ғаббасқызына, Тұяқбай Зейітұлына, осы оқу орнының ұжымына тағы да бір алғысымды айтамын. Мен енді алып бара жатқан данышпан адаммын деп айта алмаймын. Жалпы кез келген ақын болсын, жазушы болсын, оның жазған дүниесі халықтың игілігі. Жазған еңбегіңді оқырмандар оқып жатса, өзің рахаттанасың. Кейде өлеңді жазайын деп жазбайсың. Марқұм Қадыр Мырза Әли: «Өлеңнің жаны бар, оны құраулап шақырып алып, әр цикілді жазған сайын өлеңге арнап, бір жыр жазам, жылқы құсатып құраулап шақырам, әйтпесе, келмейді» дейтін. Сол сияқты менде өлеңді құраулап шақырам. Мысалы, менің сөзіме жазылған «Ағам менің» әнінің тарихы тіптен қызық. Қысқаша соны айтайын.

bkitu (3)

Халқымызда «Ағасы бардың жағасы бар» деп бекер айтпайды ғой. Әкемнің Кенжеғали деген інісі болды. Көп сөйлемейтін, шағын денелі кісі еді. Сол кісі қатты ауырып, қалаға емделуге келді. Ол кезде мен 40 жастамын. Бір күні жаңағы әкемнің інісі екуміз №3 автобупен келе жатырғанбыз. Бір кезде автобустың ішінен шу шықты. Бір ер адам бір әйелге тиісіп жатыр екен. Мен оның жөнсіздігіне мырс етіп күлдім. Ол оны байқап қойып, мағанда тіл тигізді. Содан автобус темір жол бекетіне тоқтап, түсе бергенім сол еді, бір қарасам жаңағы менімен ұрсысқан адам шалқасынан түсіп алдымда жатыр. Өзі қатты ауырып, әлі кетіп жүрген ағам қарындасыма тіл тигіздің деп, бар күш-қайратын жұдырыққа түйіп, бір ұрған ғой. Сол кезде әкемнің інісіне қатты риза болған едім. Арада біраз жылдар өтті ғой енді... Бір күні өңірімізге танымал әнші Еркін Өтегенов ағалар туралы әнге сөз керек еді деп өтініш айтқан-тұғын. Бірден Кенжеғали ағам есіме түсіп, «Ағам менің» әніне сөз жаздым. Бұл өлеңнің шығу тарихы осындай.

 

Ал енді «Немерем» деген өлеңге келетін болсақ, қайбір жылы «Аңыз болған абысындардың» тұсауын кесуге Жалпақталға бардық. Мәдениет үйінде кеш өтуде. Облысымызға белгілі актриса Нұргүл Жұбатова сахнада «Аңыз болған абысындар» кітабынан монолог оқуы керек болған. Бірақ Нұргүлдің монологын Көктерек ауылынан келген бір оқушы қыз оқып қойды. «Енді мен не оқимын?» деп Нұргүл жүр безілдеп. Содан мәдениет үйінің фойесінде қойылған көрмеден «Аңыз болған абысындар» кітабын алып, ішінен бір эпизотты тауып, енді осыны оқиын деп жатса, тағы бір қыз шығып оны оқып қойды. Енді не істемек керек? Содан Нұргүл кітапты қолына ұстап, сахнаға шықты. «Жалпақталдың төрінде өнер көрсету арманым еді, сол арманыма жете алмауға шақ қалдым» деп, кітапты ашып жіберіп, тағы бір эпизот тауып, соны оқыды. Кеш бітіп, қалаға келе жатқанымызда көлік ішінде жаңағы жәйтті баяндап, өлең жаздық. Сосын соны бәріміз қосылып айттық. Нұргүл мәз. Еркін айтады: «апа мынау «Нұргүлдің әні» деп жазылса, соның ортасында ғана айтылатын, аясы кішкентай ән боп қалады. Мұны «Немерем» деп жазу керек» деді. Содан Нұргүл: «маған өлең шығарасыңдар, оны өздерің тартып аласыңдар» деп ол ренжіді. Екеуінде ренжітпейік деп Нұргүлдің ортасында «Нұргүлдің әні» деп, Еркіннің ортасында «Немерем» деп орындалып жүр. Бұл туынды да осындай қызықпен дүниеге келді», - деп ағынан жарылған кеш иесі басқа да туындыларының қалай жазылғанын айтып берді.

bkitu

Кеш барысында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы фила рмонияның әншілері «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, республикалық ән байқауларының лауреаты Еркін Өтегенов,«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, республикалық, халықаралық ән байқауларының лауреаты Күләш Қуанышқалиева, республикалық ән байқауларының лауреаты Ақмарал Ақметова мен Асланбек Шайхин Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған «Ағам менің», «Немерем» тағы басқа әндерді шырқады. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, халықаралық фестивальдардың лауреаты Нұргүл Жұбатова «Аңыз болған абысындар» кітабынан монолог оқып берді.

bkitu (1)

Шарада сондай-ақ Дариға Ғазезқызы қойылған сұрақтарға толымды жауап берді. БҚИТУ-дың студенттері өлеңдерін оқып, «Әз ғұмыр» кітабына қолтаңбасын қойдырып алды.

bkitu (2)

-Бүгін міне, тамаша кештің куәсі болдық. Біздің шақыртуымызды қабыл алып, келгеніңізге  рахмет. Өз басым Дариға Ғазезқызын қатты құрметтеймін. Бұ кісі фейсбук әлеуметтік желісінде үнемі елде болып жатқан оқиғаларға қатысты өзіндік пікірін білдіріп, үн қосып отырады. Жалпы өнер адамы дүниеге жаңа туындысын әкелгенде бір қуанса, өнерін бағалайтын халқы барда және бір қуанады ғой. Сіздің жазаған еңбектеріңіз сондай деңгейде деп есептеймін. Деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін, - деп кешті қорытындылаған БҚИТУ-дің құрылтайшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Баян Шынтемірова қарымды қаламгерге гүл шоқтары мен естелік сыйлық тарту етті.

Есенжол Елекенов

БҚИТУ-дың баспасөз хатшысы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале